ЖаңалықтарҚоғам

РЕПОРТАЖ: Әскери міндеттілер қиын шақта қол созуға дайын ба?

Аtr.kz/15 сәуір, 2020 жыл. Бейбіт елдің көгінде қалықтаған қырандай қырағылықпен Отанын қорғау, сын шақта қол ұшын созу – әрбір азаматтың парызы. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Батыр елдің бүгінгі ұрпағы да қиын-қыстау кезеңде көмектесуден аянып қалған емес. Өйткені, олардың басты міндеті – тәуелсіз мемлекетіміздің ынтымағы мен бірлігін көзінің қарашығындай сақтау. Бұл ретте, Отан алдындағы борышын өтеп келген кешегі сарбазға сенім мен жауапкершілік жүктелері сөзсіз.

Иә, әлемді жайлаған қауіпті індет көптеген елге үлкен сынақ болды. Ең бастысы, адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандардың дертпен күресі ерен ерліктің үлгісі дерсіз. Күндіз-түн демей, қоғамдағы қауіпсіздікті, карантин талаптарының сақталуын жіті қадағалауға алған тәртіп сақшылары, дезинфекциялау шараларына кіріскен әскери қызметшілер – бұлардың барлығы да ортақ іске жұмыла атсалысып жатыр.

Ал, жақында Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру басталды. Осынау маңызды шарадан атыраулықтар да қалыс қалмады. Отан алдындағы борышын өтеген азаматтар ерікті түрде арнайы органдарға жүгініп, әскери жиынға қатысуға өтініш білдірді. Өткен жұмада Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың шешімімен арнайы жиынға қатысуға ниет білдіргендер қатарынан 68 әскери міндетті шақырылды. Әрине, жауапты іске қатыспас бұрын әскери қызметке
жарамды барлық жандар зерттеліп, Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментте медициналық комиссияның тексерісінен өтті.

Сонан соң Атырау мұнай және газ университетінің базасында арнайы жиынға шақырылушылар жиналып, оларға атқаратын міндеттері түсіндірілді. Арнайы киімдер таратылды. Қанша дегенмен,
әскердегі темірдей тәртіпті көріп, шыныққан сарбаздар ғой. Ешқайсысы тосылып қалған жоқ. Айтылған тапсырмаларды мұқият тыңдап, бірауыздан орындайтынын жеткізді. Қарусыз майданда Отанын қорғауға асыққан еріктілердің жанарындағы сенімділік мамыражай күнге деген үмітімізді арттырғандай. « Б а т ы с » ө ң і р л і к қолбасшылығының баспасөз қызметкері, капитан Рүстем Игісіновтің түсіндіруінше, жиынға қатысушылар м а м а н д ы қ т а р ы м е н тәжірибесіне сәйкес үш бөлімге бөлінді.

– Бұл – аурухана, РХБ қорғаныс және атқыштар взводтары. Шақырылушылардың негізгі міндетіне коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабтың жұмысына қатысу, блок бекеттерде қызмет ету, қала аумағын дезинфекциялау, инфекция ошақтар бар нысандарды күзету және медициналық көмек көрсету кіреді, — дейді ол.

Арнайы жиын 10 сәуір-10 мамыр аралығында өтеді деп күтілуде. Десек те, өңірде қалыптасқан жағдайға байланысты оның мерзімі үш айға созылуы мүмкін. Арнайы жиын кезінде шақырылған азаматтар ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі мәртебесін алады. Сондай-ақ, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес, оларға барлық әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылып отыр. Атап айтқанда, медициналық көмекпен, киіммен және тамақпен қамтамасыз етіледі.

Жиын барысында әскери қызметке жарамды адамдардың жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Оларға орташа жалақы төленеді. Ал, жұмыс істемейтін адамдарға мемлекет есебінен ең төменгі жалақы мөлшері, яғни, 42500 теңге берілетін болады. Рас, түсіне білгенге бұл – оңай міндет емес. Өйткені, олар да өз денсаулығын қатерге тіге отырып, жауапты жұмыстарды атқарады. Бірақ, осындай ел басына туған сын сағатты бірігіп өткермесек, қол ұшын созбасақ, кім болғанымыз?

Отбасынан жырақтап, аурумен күрескен дәрігерлер де – бір-бір жанұяның шырағы. Олардың да балалары мен отбасы жанын шүберекке түйіп, үйіне аман оралуын асыға күтіп отыр. Сол секілді жиынға шақырылушылар да бір ай бойы С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында болады.

– М е н і ң ж о ғ а р ы медициналық мамандығым бар. Әскери кафедрадан өттім, запастағы офицермін. ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген арнайы әскери жиыннан бас тартпадым. Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті шақырды. Осында келіп, мен де өз елімнің патриоты ретінде үлесімді қосуға келдім. Пандемиямен күрес шараларына қатысып, Отан алдындағы борышымды өтеуді шештім, — дейді медициналық комиссиядан сүрінбей өткендердің бірі Біржан Тұрсынбаев.

Ал, запастағы лейтенант Ерман Бекқожаев ер-азаматтың қоғамға, елге пайдасы тигенін жақсылыққа балады.

– ҚР Бас Қолбасшысының Жарлығымен шақырылған арнайы жиынға келдім. Қауіпті індетпен күреске сержант, қатардағы жауынгерлер жұмылдырылып жатыр. Ең алдымен, бәрімізге өзіміздің халқымызды аурудан құтқаруға, көмектесуге мүмкіндік беріліп отыр, — дейді ол.

Тәуелсіз еліміздің берік қамалы, құрыштай мығым қорғаны – айбынды әскері. Сарбазы қуатты мемлекеттің іргесі де мықты болады десек, бұл қиындықты да бірігіп еңсеретінімізге күмән жоқ. Әскери міндеттілердің арнаулы жиыны барысынан біз осыны айқын аңғардық.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button