РЕПОРТАЖ: Әскердегі бір күн
Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Атыраудан Алтайға дейін созылған сайын дала төсіндегі тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздігін қорғауда әскери қызметкерлердің еңбегі өлшеусіз.
Осы орайда мемлекеттің тыныштығын қорғап жүрген әскерилердің жағдайымен танысу мақсатында Каспий теңізі мен жағалауын күзететін ҚР ҰҚК шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаментінің «Евразия» шекара бөлімшесіне барып қайттық.
…Жол бойы департаменттің тәрбие-идеология және кадрлар жұмысы бөлімінің офицері, капитан Ғалымжан Қызбалаев желдің өтінде, елдің шетінде қызмет ететін шекарашылар туралы әңгімеледі.
«Шекара жасағы заманауи техникалық құралдар, қару-жарақтар мен қорғаныс киім түрлерімен қамтылған. Сарбаздарға теориялық сабақтар өткізіліп, іс жүзінде тәжірибелік сынақтар, күндізгі және түнгі атыс жаттығулары ұйымдастырылады» деді ол.
Темірдей тәртіптің үлгісін көрсеткен күзет бекетінде тұрған сақшының рұқсатын алып, аулаға ендік. Өзін «Жанат Тұрарханұлы Камзаев» деп таныстырған «Евразия» шекара бөлімшесі бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар бойынша орынбасары бізді әскери бөлімге бастады. Оның айтуынша, мұнда келісім-шартпен және мерзімді қызмет атқаратын әскери қызметшілер бар. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып, арасында «Әскери баспана» бағдарламасымен пәтерлі болғандар да бар.
М і н е , Қ а з а қ с т а н Республикасының Мемлекеттік шекарасының тыныштығын қамтамасыз ететін шекара жасағы. Кіреберісте бізді қарсы алған бөлімше кезекшісі – ефрейтор Айсұлтан Мәденов бүгін ішкі тазалық пен шекара нарядтарының шығуына жауап береді. Ал, радиолокациялық станцияның техникалық операторы, қатардағы жауынгер Абылай Қыдыров монитордан шыққан нысандарды қадағалап, шекара бөлімше бастығына хабарлап отыр (1-суретте).
– Шекара – мен үшін қасиетті ұғым. Осы қызметтегі он жылдан бері Отан қорғауға деген жауапкершілікті айқын сезінемін, — дейді бөлімшенің байланысшы сержанты Айымгүл Уалиева (2-суретте).
Б і з ж а у ы н г е р л е р д і ң әрқайсысын әңгімеге тартып, әскери борышын өтеудегі еселі еңбектеріне сәттілік тіледік. Олар да әңгіме арасында ауылды сағынып, туған жерді аңсағанда демалыс сағатын пайдаланып, домбыра мен гитараға қосылып әндететіндерін айтты. Өзара өткізетін спорттық жарыстарда жетістіктерге де жеткен. Бұл сөреде самсап тұрған кубоктар мен мақтау қағаздарынан байқалады. Иә, біздің ел қорғаған сарбаздардың білекті де жүректі екені анық.
Әскерилер рухани байлықты ұмыт қалдырмай кітап оқып, күнделікті газет-журналдарды да қадағалайды. Таңмен таласа басталатын оқу-жаттығу арқылы сарбаздар күннен-күнге қиындыққа шыңдала түседі. Біз жауынгерлердің мемлекеттік шекараны күзету тапсырмаларын орындауға бұйрық беру рәсіміне (3-суретте) куә болдық. Яғни, оларға нақты тапсырма беріп, орындау тәртібі мен уақыты белгіленді.
Сондай-ақ, жеке құраммен күнделікті жауынгерлік есеп өткізу де күн тәртібінен түскен емес. Тысқа шығып, «менмұндалап» тұрған биік мұнарада мінсіз қызмет атқарып тұрған бөлімше сақшысын (суретте) көрдік. Жалпы, шекараны қырағы күзетуде темір бақылау мұнарасының маңызы ерекше екен.
– Қазіргі таңда облыстық әкімдіктің қолдауымен шекарашыларға ерекше назар аударылып, мемлекеттік шекара мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Облыс әкімінің қолдауымен қаражат бөлініп, 2018 жылы желтоқсан айында модульдік типтегі жаңа заста
ва пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта бөлімше заманауи құралдар мен дабылқаққыш кешендермен жабдықталған. Ол 30 шақырым қашықтыққа дейінгі сигналды қабылдап, ал таратылған дабылды ақпараттардың қабылданғанын растап алу үздіксіз қадағаланады, — деп түсіндірді лейтенант Жанат Камзаев.
Жалпы, күннің батуы шекарада жұмыс күнінің аяқталуын білдірмейді. Керісінше, шекара шебін берік қорғау жүйесі күшейе түседі. Міне, қатардағы жауынгер Алексей Косенко қызметтік иті – Зенаны жетекке алып аймақты бақылауға алды (4-суретте).
– Кинолог маман ретінде айтарым, шекара бұзушылардың ізіне түсуде, браконьерлерді құрықтауда біздің – Зена, Клод атты қызметтік иттеріміз – қырағылық танытады, — дейді өз ісінің маманы А.Косенко.
Қатардағы жауынгер Нұрлан Көнебаев (5-суретте) дүрбісімен белгіленген аумақты шолып шықты. Жылдың төрт мезгілінде де шекара нарядтары үздіксіз қызмет атқарады екен.
– Біздің шекарашылар қаншама заңсыздыққа тосқауыл қойды. Қазір «Бекіре» кең ауқымды балық қорғау акциясы аясында жеке құрам қырағылықпен қызметтерін атқарып жүр. Шекара аспақ болған қылмыскерді де ұстады. Ал, браконьерлердің ізін кесудегі нәтижелі жұмыстар тіпті көп, — деген капитан Ғалымжан Қызбалаев біраз деректерді келтірді.
Сонымен, біз көрген шекарашылардың бір күнгі өмірі, тыныштықты қорғаудағы мінсіз міндеттері үздіксіз, осылай жалғаса бермек. Ал, қоштасарда шекарада сап түзеген жігерлі, қырағы сарбаздардың жауапты жұмысына сәттілік тіледік.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА