Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

«Әрбір көшеге жол салынады»

Бұл туралы Атырау шаһарының басшысы Серік Шәпкеновтің қатысуымен өткен Дамбы ауылдық округінің әкімі Ұзақбай Байзуллиннің тұрғындар алдындағы есепті жиналысында айтылды.

«Әрбір көшеге жол салынады»

— Өткен жылы округке қарасты бес елді мекенде 141 шақырым инфрақұрылым жүйесін тарту жұмыстары басталып кетті. Биыл қалған 42 шақырымын аяқтаймыз. Көшелерді жарықтандыру жұмыстарына жеке кәсіпкерлер де жұмылдырылатын болады. Жол мәселесін айтқанда, Атырау қаласында 1800-ден астам көшенің тек 800-і ғана асфальтталған. Қалған бөлігі үшін 100 млрд. теңге қаражат керек. Былтыр тоғыз миллиард теңгеге 95 шақырым жол салынды. Үстіміздегі жылы  250 шақырым жол салу жоспарлануда. Оның түгелге жуығы – ауылдық округтерге тиесілі, — деді шаһар басшысы.

Жалпы, Атырау қаласы әкімінің айтуынша, өткен жылы 662 млн. теңгеге мектепке қажетті жабдықтар алынса, биыл бұл бағытқа 460 млн. теңге бөлінді. Биыл  Дамбы саз мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, жобалау-сметалық құжаттары дайын. Ал, кіші Дамбы елді мекенінен оқушыларды көлікпен тасымалдау жайы жан-жақты талқылауды қажет етеді. Әзірге тоғыз автобус керектігі белгіленді.

— Тағы бір мәселе, округте қылмыстық ахуал мәз емес. Есепті мерзімде жоғары сынып оқушылары топтасып төбелесіп, нәтижесінде бір жасөспірім пышаққа ұрынды. Ұрлық фактілері де көбейді. Жастар арасында жұмыс тәртібін сақтамай, мекемеде ұрлыққа баратындар да бар. Жергілікті жастар осындай өрескелдікке жол берсе, оларды жұмысқа алмайды деп неге өкпелейміз? Оның үстіне, ауылдағы полиция қызметкерлерін ешкім танымайды. Сондықтан, олар да тұрғындар алдында есеп беруі тиіс, — деді Серік Шәпкенов.

Қазір Дамбымен қатар Еркінқала, Кеңөзек ауылдық округтерінің дербес әкімшілік ғимаратын салуға мердігер ұйымдар анықталуда. Бұл проблема да биыл шешімін табады.

Өз кезегінде тұрғындар да ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Зейнеткер Сатыбалды Көпжасаров сырттан жұмыс күшін тартпай, жергілікті жастар жұмыспен қамтылса екен деген тілегін жеткізді. Бүгінде  құрылыс нысандарында еңбек етіп жүргендердің денін Өзбекстан елінің өкілдері құрайды. Атыраулық мамандар айына 80 мың теңге жалақы төленетін жұмысқа бармайды. Сондықтан, «жергілікті  жастардан  құрылыс бригадасы  құрылып,  оларға  жағдай жасалса» деген ой айтылды. Сонымен қатар, балықшылар бітелген теңіз тамағын тазалауға байланысты өз ұсыныстарымен бөлісті. Ал, жастардың атынан сөз алған Нұржан Оңдағанов «округте  спорттық жаттығу алаңдары салынса» деген ұсынысын білдірді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button