Құрбан айт мүбәрак болсын!
Күллі мұсылман әлемі кеңістігінің ұлық мерекелерінің бірі саналатын һәм адам баласын мейірімділікке бөлеп, бауырмалдыққа үндейтін Құрбан айт мейрамы тамыздың 21-і күні басталады. Сонау ықылым заманнан бері адамзат өркениетіне өзіндік ізін қалдырған Құрбан айт Алламен арадағы байланысты нығайтуға бастайтын қадам болуымен де ерекшеленеді.
Тарихтан жеткен ғибрат
Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алып, кейінгі жұртқа сүннет болып қалыптасты. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар қартайған шағында Алладан сұрап алған жалғыз ұлы Исмайылды өзінің берген уәдесіне сай түсінде құрбандыққа шалу әмір етіледі. Бұл көрген түс бірнеше күн қайталанып, оның азғырушы шайтаннан емес, жаратушы Алладан екені анық байқалады. Ибраһим (ғ.с.) неде болса бір бекемге келіп, көрген түсін баласы Исмайылға егжей-тегжейлі түсіндіріп, баласын құрбандыққа жетелейді. Дегенмен, бұл бір Алланың пайғамбарына деген сынағы болғандықтан, жаратушы Алла уәдесіне берік, тәуекелге бел буған құлы Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға баласы Исмайылды аман қалдырып, жәннаттағы басқа бір құрбан малымен оны сүйіншілейді. Осылайша, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар жанұясымен Алла берген ауыр сынақтан сүрінбей өтеді.
Бұл оқиға Құранда былай баяндалады: «Ұлы (Исмайыл) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: «Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін; назар аудар, көзқарасың не?» — деді. Ол: «Әй, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, оны орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табасың» — деді. Сөйтіп, әкесі оны маңдайының үстіне жатқызады. Біз, оған: «Әй, Ибраһим!» деп, дыбыстадық. «Рас түсіңді шынға шығардың. Күдіксіз ізгі іс істегендерді осылайша сынаймыз» (дедік). Шын мәнінде Бұл бір ашық сынау еді. Оны ірі бір құрбандыққа ауыстырдық» («Саффат» сүресі, 102-107-аяттар).
Әрине, бұл оқиғаның астарында үлкен ғибрат бар. Біріншіден, Аллаға деген сүйіспеншілікті және Оған деген итағатты, яғни, бойұсыну, шариғат заңдарына бағынуды қалыптастырып, Оның жолында жаныңдай жақсы көрер дүниеңді құрбан ете білуді үйретеді. Хазірет Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) бұл сынақтың орындалуы соншалықты қиын болғанына қарамастан, Раббысына шынайы итағатпен бас иді.
Екіншіден, Алла бұл сынақтың соңы итағатпен аяқталарын анық біледі. Мейірімділердің ең мейірімдісі болған Алла баланы әке қолымен ешқашан құрбан еткізбесі тағы сөзсіз. Жазықсыз бір адамның өлтірілуі – бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең екенін немесе бір адамды қиыншылықтан құтқару – күллі адамзатты құтқарғанмен тең екенін әділдік жүйесімен қойып берген Жаратушымыз өзінің пайғамбарына өз баласын құрбан еткізбек те емес.
Татулықтың көрінісі
Құран Кәрімде Алла былай бұйырады: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят). Байқасаңыз, аталған аятта айт намазын оқу құрбан шалудан бірінші айтылуда. Ардақты сахаба Әнас (р.а.) былай риуаят етеді: «Расулулла Мәдинаға келген кезінде, мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Олар: «Жәһилдік (Исламнан бұрынғы) дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік» деп жауап берді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оларға қарап былай деді: «Алла ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айты».
Айт мейрамы қуаныш пен ынтымаққа толы күннің көрінісі. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені…» — деген. Айт намазы исламның бет-бейнесі. Әрбір жұма намазына жиылғандай, жылына бір келер ұлы мереке Құрбан айтта бас қосу – мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттырып, ұлық мейрамның негізгі сәнін көрсетеді. Айт күні таңмен таласып, күллі мұсылмандардың мешітке қарай асыға түсуінің өзі осының айғағы. Бірін-бірі танымайтын жандардың бір сапта қатар тұрып құлшылық жасап, айт намазынан кейін мерекемен құттықтасуы қандай тамаша?!
Сауабы мол құлшылық
Бірде сахабалар Мұхаммед пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не?» — деп сұрақ қойды. «Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті», — деді. Сахабалар: «Одан бізге қандай сауап бар?», — деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», — деді. «Қойдың жүнінен ше?» дегенде: «Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады», — деп жауап қайырды.
Иә, Құрбан айт мейрамының ең ерекшелігі және ел жадында қаларлық ісі – айт намазынан кейін әрбір шамасы жеткен жанның құрбан шалып, мұқтаж жандарға жәрдем көрсетуі болып табылады. Өйткені, құрбан шалу – Алланың тікелей әмірі. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан, құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» деп айтқан.
Адам баласы құрбан шалу арқылы Алланың өзіне берген сансыз нығметтеріне шүкір етеді. Бүгін бар дүниенің ертең жоқ екенін біледі. Бұл мереке Алланың әркімге өлшеп берген ризық-несібесі барын, оған қанағат жасап, қайырын Алладан сұрау керектігін де жадымызға салады.
Қорыта айтарымыз, құрбандық ғибадатын шын ниет-ықыласпен орындау керек. Бір ескере кететін жайт, еліміздің кейбір аймақтарында құрбандық малын арапа күндері шалып жатады. Бұл шариғат тұрғысынан алғанда дұрыс емес. Құрбандық айт намазы оқылып біткеннен кейін ғана шалынуы керек. Құрбан айт мүбәрак болсын!
Батыржан МАНСҰРОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы,
орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы.
Біле жүріңіз!
– Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды;
– Қой немесе ешкіні бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал, сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін немесе жеті кісі бірігіп, ортақ шалуларына да болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен іске асыруы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал, екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді;
– Құрбанға шалынатын малдың бір көзі соқыр, сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз, құлағы немесе құйрығы тумысынан жоқ не басым бөлігі кесілген, тістерінің көбі түсіп қалған, бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған болмауы керек;
– Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін құрбан малдың алдында пышақты жалақтатып, қайрау – әдепсіздік. Қинамай сою – сүннет;
– Құрбан шалар кезде «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздау керек. Ең абзалы, құрбанды иесінің өзі бауыздағаны дұрыс. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – сауап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне, екінші бөлігі кедей мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің бала-шағасына, отбасына беріледі.