Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

«Рауан кәсіби әншіден кем емес»

Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен Қазақстандағы тұңғыш балалар ән байқауы өткен аптаның сенбі, жексенбі күні КТК телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілді. Айта кетейік, жобаның авторы әрі бас продюсері – Әлия Назарбаева болатын. Ал, ұйымдастырушысы –  «Жандану әлемі» қоры. Концерт Тұңғыш Президент қорының демеушілігімен өткізілді.

%d1%80%d0%b0%d1%83%d0%b0%d0%bd-%d0%ba%d3%99%d1%81%d1%96%d0%b1%d0%b8-%d3%99%d0%bd%d1%88%d1%96%d0%b4%d0%b5%d0%bd-%d0%ba%d0%b5%d0%bc-%d0%b5%d0%bc%d0%b5%d1%81

Бұған дейін жазғанымыздай, еліміздің әр өңірінен келген 23 дарынды ұл-қыз байқауда бақ сынады. 7 және 13 жас аралығындағы вокалистер соңғы бір айда Маржан Арапбаева, Әли Оқапов, Медеу Арынбаев, Айқын, Диана Шарапова және Толқын Забирова секілді танымал әншілерден дәріс алды.

Атыраудың атынан додаға Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының оқушысы Рауан Матаева қатысқан болатын. Өзіне  сенімді, ақылды да, көрікті Рауан қыз жерлестерінің үкілі үмітін ақтауға тырысты. Қатарластарынан асып түспесе, ән шырқауы кем болған жоқ. Ән мен күйдің елі атанған Атыраудан тағы да жезтаңдай әнші өсіп келе жатқанын дүйім жұрттың алдында дәлелдеді. Қалай болғанда да, бұл жобада  Рауанның бабы келіскенімен,  бағы жанбай қалған сәті болған секілді. Бұған мыңдаған көрермен куә.

Жерлесімізге кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы жоғары ұпай беріп, өнеріне тәнті болғанымен,  смс-дауыс арқылы келген қоңыраулар қатары кемшін болып қалды.

Атырауға келген соң, жас әншінің өзімен тілдескен едік. Бізбен әңгімесінде, ол байқаудың өз деңгейінде, өте сәтті өткеніне тоқталды.

%d1%80%d0%b0%d1%83%d0%b0%d0%bd-%d0%ba%d3%99%d1%81%d1%96%d0%b1%d0%b8-%d3%99%d0%bd%d1%88%d1%96%d0%b4%d0%b5%d0%bd-%d0%ba%d0%b5%d0%bc-%d0%b5%d0%bc%d0%b5%d1%81-2

— Жаңа достар тауып, кәсіби жетілдік. Тек көңілге қонымсыз болғаны, смс-дауыстар арқылы жеңімпаздар анықталғаны еді. Кімнің жанкүйері, қолдаушысы көп, солардың жолы болды. Бірақ, орын алмағыныма өкінбеймін. Бастысы – қатысу, мамандар пікірін тыңдау, сыннан үлгі алу, — дейді Рауан күлімдеп.

Алғашқы күні «Ана туралы» әнді орындаса, екінші кезеңде тәлімгері, танымал әнші Жұбаныш Жексенұлымен бірге «Жалт етіп өткен» атты әнді шырқады. Тәлімгері дайындық барысында: «Жеңілсең де, жеңсең де қалыпты жағдайда қабылда. Болашағың алда. Мақсатың – алғашқы үлкен сахнада әнді дұрыс, сауатты орындап шығу болсын», — депті. Танымал әншінің бұл кеңесі Рауанға әрқашан  мықты бол, еш мойыма дегендей. «Өте орынды айтылды. Сахнаға осы ұстаныммен шықтым. Әрі  өнер жолымда мұны әркез есте сақтап жүретін боламын. Жұбаныш Жексенұлы: «Әлі талай әнді бірге шырқаймыз» деп, маған ақ жол тіледі, — дейді Рауан.

— Қызымның ән айту шеберлігіне Әлия Назарбаеваның өзі ерекше ықылас танытып: «Рауан әнді кәсіби әншілердей орындады», — деп бағалауы көңілімізге қуаныш ұялатты. Бұл – жас әншіге берілген зор баға деп білемін. Ағайындарымызбен бірге барып, қызымызға қолдау білдірдік.  Болашақта әншілікті жалғастырғысы келсе, демеуге дайынмын, — дейді анасы.

«Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысар» дегендей, Алмагүл Жаңбырбаева ұл-қызын спорт пен өнерге баулып келеді. Қызы әншілік жолды таңдаса, ұлы спортқа қарай жол   салыпты. Ұлы Ақылбек қазір Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде оқып жүріп, дзюдодан спорт шебері атаныпты. Ал, Рауанның дәстүрлі әннен ұстазы – Бексана Оңдағанова болғанымен, вокал бойынша өзі үйреткен. Анасы Оңайшадан берілген ән айту қабілетін  Рауанға сіңіріп, өзі шықпаған белеске қызын шығаруға ниетті.

Жалпы, байқау қорытындысында, бас жүлдені павлодарлық Мәрия мен Мерхат иеленсе,  жүлделі  I орын «Шымкент триосына» берілді. Ал, II орынға «Каспий» триосы лайық деп танылса,  III орыннан ақтөбелік Айым Ұзақбаева көрінді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button