Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Рахымжан Отарбаевтың аудиотаспадағы әңгімелер жинағы жарыққа шықты

Өткен сенбіде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың  отыз әңгімеден тұратын аудиокітабының таныстырылымы өтті.

Аудиотаспадағы әңгіме

Бұл шараға Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетов, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов, жазушы Несіпбек Дәутайұлы қатысып, туындыларында қазақтың рухани әлемін, тарихын, мәдениетін, қазақ тілінің көркемдігін шебер көрсеткен қаламгер Рахымжан Қасымғалиұлы туралы естеліктерін айтты.

Астана қаласындағы «Ақ Жайық» баспасында дайындалып, «ST-Vision» компаниясында басылған аудио дискідегі әңгімелердің дыбысталу уақыты 9 сағат 11 минутты құрайды. Әр сөзі мен екпіні музыкамен көмкерілген әңгімелерді белгілі диктор Қуат Ахметжанов оқыған.

Кітап таныстырылымында Ұлықбек Оразбайұлы өзіндік өткір пікірі, салмақты да салиқалы  ойы бар қаламгер туралы айта келіп:

– Күн өткен сайын Рахымжан досымыздың қадірі артып, жұлдызы жоғарылай түсуде. Бейнесі биіктеп, мәңгілікке айналып бара жатыр. Оның шығармалары шынын айтқанда, өзінің нағыз шынайы орнын әлемдік әдебиеттен де, отандық әдебиеттен де алды. Кеше көзінің тірісінде қадірін білмегендер, асылдарынан айырылғанын енді сезініп, аҺ ұрып  жатқан жайлары бар. Рахымжанның әңгімелер жинағында күллі қазақтың жан-дүниесі бар. Мұндағы шығармалар шетінен жаңашыл, әрі тың дүниелер, — деді.

Дарынды драматургпен тонның ішкі бауындай араласқан досы, рухани бауыры Несіпбек Дәутайұлы қаламдасының асыл қасиеттеріне, достыққа деген адалдығына, шығармаларындағы ерекшеліктерге кеңінен тоқталды.

Мінезді қаламгермен әдебиет әлеміне аяқ басқан сәттен бірге жүрген досы Мереке Құлкенов:

– Рахымжанда көптеген жазушыларда жоқ қасиет бар. Басты қасиеті – оның тілі. Ал, тіл – жазушының ең бірінші құралы. Рахымжан айт-қанда қарапайым сөздің өзі өзгеше болып құлпырып кетеді. Ол әр сөзге қанат бітіретіндей. Біздің ендігі міндетіміз – Рахымжанның басқадан ерекшелігін, Рахымжанның басқадан бөлекшелігін, Рахымжан деген жазушының ерекше тілі барын жұртшылыққа айтып жеткізу, — деп ойын түйіндеді.

Мұратбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button