АУЫЛ ТӨРІНДЕ – СӘНДІ МЕКТЕП

«Каспий құбыр консорциумы» демеушілігімен
тұрғызылған нысан таяуда пайдалануға берілмек

Қызыл түсті кірпішпен әдемілеп өрілген, орнатылған пластикалық терезелері мен ішкі-сыртқы есіктері жарқыраған, ауыл ортасынан бой түзеген екі қабатты мектеп ғимараты айналаның сәнін келтіріп, ажарландырып тұр. Бұл –Махамбет ауданына қарасты Ақтоғай селосында салынған жаңа білім шаңырағының көрінісі.

 

Архитектуралық кескін-келбеті сәнді кешенмен толығып жатқанбұл аймаққа ат басын тіреген «Каспий құбыр консорциумы» акционерлік қоғамының өкілдері аталмыш мектепті аралап, оның ашылуға дайындығын тексерді. Мәскеуденарнайы келген компанияның  бас директоры Николай Брунич мектепті аралап, жасалған жұмыстармен танысты. Ауыл әкімі Орынша Қайрекешова мен мектеп директоры Бибінұр Тасқалиева жаңа мектептің жайы туралы баяндады.

Мектеп іші жап-жарық, еденіне ақ түсті тақтайшалар мен сапасы жоғары материалдар төселген, айнадай жарқырап тұр. Қажеттінің бәрі – Ресей елінде өндірілген тауарлар. 120 орынға арналған мектеп ішінде он алты бөлме болса, бірінші қабатында бастауыш сыныптары, кітапхана, 36 орынға арналған асхана, 175 шаршы метрді құрайтын спорт залы бар. Ал, жоғары сыныптарға арналған пәндік және мұғалімдер бөлмесі, екі лингафон сыныбы екінші қабаттан орын алған. Әрқайсысында сыныпқа қажетті жоғары сапалы парта, тақталары мен кітап сөрелері де қойылған. Сондай-ақ, оқушыларды кәсіби шеберлікке баулитын үш өндірістік шеберхана да бар. Оның бірінде қыздар тігін тіксе, енді бірінде тамақ пісірудің қыр-сырын меңгереді. Ал, ұлдар жағы  ағаш жонып, кесу, шегелеу сияқты жұмыстарды жүзеге асырады деп жоспарлануда.

Мектеп ішін аралаған соң компанияның өкілдері акт залына жиналған мұғалімдер ұжымымен кездесті. «Каспий құбыр консорциумы-Р» бас директоры Николай Брунич өткен жылы құрылысы басталған бұл  білім шаңырағының ашылу салтанатына санаулы күндер қалғанын айтып, жиналғандарды қуантып тастады.

– «Каспий құбыр консорциумы” АҚ –республикаға кеңінен танымал мекемелердің бірі. Консорциум – Ресей мен Қазақстанның және әлемдік жетекші мұнай өндіруші компаниялардың (Chevron, Shell, ExxonMobil, Eni, British Gas, Роснефть, Лукойл) халықаралық 1,5 мың шақырымдық магистральды құбыр жүйесі мен оны пайдалануға арналған ірі жобасы. Құбыр жүйесіне негізінен Батыс Қазақстанның ірі кен орындарының мұнайы мен ресейлік өндірістердің шикізаты түседі. Сөйтіп, бүгінгі таңда консорциум жылына 31 млн. тонна мұнай айдауда. Сондай-ақ, бұл жұмыспен қатар, компания қоғамдағы әлеуметтік істерге де үлес қосып жүргенін білесіздер. Соның бір дәлелі – таяуда ашылғалы отырған мынау білім шаңырағы, – деді.

Одан әрі сөз алған компанияның  ҚР Үкіметімен байланыс бойынша  Бас директордың орынбасары Қанатбек Жумин үстіміздегіжылдыңбірінші желтоқсанында мектеп есігін айқара ашып, толық пайдалануға берілетінін айтты. Сондай-ақ,мектептің ішкі жұмыстарымен қатар, сыртында футбол, баскетбол алаңдары мен мектепке дейінгі сынып оқушыларына арналған ойын алаңқайының жұмысы аяқталып тұрғанын, бәрі оқушының қажетіне ыңғайлы етіп жасалғанын жеткізді. «Мектепке жетіспеген құрылғыларға тапсырыс берілді. Ендігі уақытта қажетті заттар, дәлірек айтқанда, өндірістік шеберлікке арналған сыныптардың құралдары көп ұзамай жететін болады. Алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстарын қолға алса, мектеп ауласы тіптен жайнап тұрады» деді ол.

Бүгінгі күні қабырғасы 1981 жылы қаланған мектепте білім нәрімен сусындап отырған оқушылар үшін бұл жағдай үлкен қуаныш болды. Осы жөнінде мектеп директоры Бибінұр Тасқалиева сөз алып, компания басшылығына шексіз алғысын білдірді. «Қазір тозығы жеткен ескі мектепте жұмыс жасап отырсақ та, біздің  оқушыларымыз білімге құштар.

Ескі мектеп бүгінгі күннің талабына сай емес. Ескілігі сонша, кейбір сыныптарда от жағатын пеш те бар. Заманауи білімге сай құрылғылар да жеткілікті емес. Десек те, мұғалімдер  ғылым-білім саласындағы болып жатқан әр жаңалықтан қалыс қалмай, тез игеріп, сол білімдерімен шәкірттерін сусындатып келеді. Ендігі уақытта ауыл тарихында бұрын-соңды болмаған мынадай жарқыраған мектепке көшсек, бұл жұмыстар сапасы еселеп артады деп сенемін. Себебі, сапалы білім, саналы тәрбие алуға жан-жақты жағдай жасалған мұндай білім ордасында оқушылардың нашар оқуға еш хақы жоқ. Мұның бәрі тікелей сіздердің демеушілігіңізбен іске асып жатқанына ризамыз. Осындай жарқын игі істердің қашанда бастамашысы болып жүре беріңіздер» деп жүрегінен шыққан жылы лебізін жеткізді.

Компанияның бас директоры Н.Брунич естелік ретінде мектеп ұжымына Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласының тарихы жазылған кітапты тарту етті.

  Құрылысы өткен жылы басталған ғимараттың көпке ұзамай іске қосылатынына, әлеуметтік саладағы мұндай күрт бетбұрысқа ауыл тұрғындары да дән риза. Мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Амангелді Ташекенов ұстаздар атынан,ата-ана ретінде де өз ойын білдіріп, жасалып жатқан бұл іске разылығын білдіріп,  алғысын жаудырды.

Айта кететін тағы бір жайт,  демеуші компания мектептегі ыстық, салқын судың жүргізілуін өз мойындарына алып, бұл мәселені де түбегейлі шешіп отыр. Ауыл тұрғындары әлі пайдасына жаратпаған суды компанияның демеушілігімен жаңа мектеп алғаш болып пайдаланбақ. Бұрын ауыл халқына таза ауыз су берілетін болып, тұрбалар тартылып, су айдайтын мұнара салынған еді. Кейін оның жұмысы аяқсыз қалып, тоқтап тұрған болатын. Енді мектепке су жүргізуде бұл жұмыстар қалай іске асты? 

Осы жұмыстармен танысып, білмек болған бас директор Н.Брунич Жайық жағалауында жасалған жұмыстарды көзбен көріп қайтты. Мұнда суды тартып, тазалайтын құрылғылар ауыстырылып, қайта орнатылған. Жайықтан мектепке дейін темір тұрбалар қойылған. Су тартатын арнайы насос құрылғылары қауіпсіздік ережесіне сай сырты қоршалып, қапталған. Сондай-ақ, қыс мезгілінде құбыр бойында су қатып қалмас үшін жылыту пештері де орнатылып, мектепке қажетті жұмыстардың бәрі аяқталып, жұмысын бастауға сақадай сай тұр. Компания мектепті тұрғызып, оған қажетті барлық жағдайға жалпы 304 млн. үстінде қаржы жұмсаған. Іске асқан бұл жұмыстарға оң баға берген бас директор Николай Григорьевич барлық қызметкерлерге сәттілік тіледі.

Жоғарыда айтылғандай, аталмыш компания талай  игі істерге қолдау болып жүр. Соның  бірі – Атырау қаласындағы №22 орта мектепке қосалқы бөлмелер құрылысы. Бұл ғимарат оқушыларға тарлық ететіндіктен, қосымша құрылыс басталып, аяқталуға жақын қалыпты. 120 орынға арналған бұл нысанға 60 миллион теңге қаржы бөлінген. Мердігер ретінде «Вецхли» ЖШС бұл жұмыстарды жүзеге асыруда.

Міне, іссапар барысында «Каспий құбыр консорциумы» АҚ-ның елдің әлеуметтік-экономикалық  жағдайын өркендетуде жасап жатқан жұмыстарының нәтижелі екенін көріп қайттық. Білім саласына да баса назар аударған компания мұндай істерге әлі де  жетекші болары анық.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз