Танымал тележүргізуші шетелдегі тәжірибелерімен бөлісті
Атырауға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, «University College London» оқу орнында жобалардың стратегиялық менеджменті мамандығы бойынша магистратурада білім алған журналист Рахат Жақсыбай келді. Ол «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігінің қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін семинар-тренинг өткізді.
Батыс масс-медиасының эталоны болып табылатын «ВВС» телеарнасында тәжірибеден өткен ол заманауи мультимедиалық журналистиканың қыр-сырын жайып салды.
— Әлемнің 28 тілінде хабар тарататын әйгілі арнаның өзінде отызға жуық телеарна бар. Онда он мың адам қызмет етеді, — деген ол жетістіктің басты артықшылықтарын атап өтті. Ол – жоғары кәсібилігі, инновация мен жаңа технологияға жақындығы, халықтар арасында жүргізілетін сауалнама жұмыстарының тиімділігі және ең бастысы ағылшын тілін басты құрал ретінде пайдалануы.
– Мен осындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік унвиерситетінің студенттерімен кездестім. Олардың ішінде болашақ журналистер де бар, солармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау керек. Өйткені, жас буын өкілдері заманауи тетіктерді жетік меңгерген болса, ал, тиісінше кәсіби мамандар оларға бағыт-бағдар береді, – дейді Рахат Жақсыбай.
Әлем журналистерінің бір тобы тез ақпарат беруге тырысса, екінші тобы әліптің артын бағып, халықты сарапталған мәліметтермен қамтығанды жөн көреді. Осы ретте, танымал телеарналардың кемшіліктері де бар екенін айтқан жөн.Тағы бір қызық мəлімет, танымал əлем телеарналары эфирде азшылық топтарға уақыт бөлу саясатын ұстанады. Мəселен, мүгедектерге, ерлер мен əйелдерге, сондай-ақ ЛГБТ (көгілдірлер жəне т.б) өкілдеріне де эфирлерде уақыт қарастырылған.Тіпті, ағылшындар қазір қоғамдық орындарда айтылатын «құрметті ханымдар мен мырзалар» деген күнделікті сөзді де айналымнан алып тастап, орнына ортақ атауды (орыс тілінде «оно», қазақ тілінде айырмашылығы жоқ) енгізіп отыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ