Әр зейнеткерге 150 мың теңге төленетіні рас па?
Өткен айда «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз салымшыларына инфляцияға байланысты 150 мың теңгеден төлейді» деген ақпарат «WhatsApp» желісінде желдей ескен болатын. Аталған қор мұның жалған екенін ескертті.
Қор өкілдері осындай «мәліметтердің» жиілеп кетуіне орай, бейресми дереккөздерден таратылған ақпараттарға сенбеу керектігін айтады. Ал, мұны таратқан адам заң жүзінде жауапқа тартылмақ.
Елімізде зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететін бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейді. Заңға сәйкес, зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейі ескеріледі. Сөйтіп, оның атына аударылған мiндеттi зейнетақы мен кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты мөлшерінде сақталуына кепiлдiк беріледi.
Сіз не дейсіз?
Сәуле МАҒАУҚЫЗЫ,зейнеткер:
– Әлеуметтік желіде таратылған ақпаратқа сеніп, өтемақы есебінде қосымша қаражат төленеді деп ойладым. Қасыма бірнеше зейнеткерді алып, халыққа қызмет көрсету орталығына барған едік. Ондағы мамандар ақпараттың жалған екенін айтып, кез келген мәліметке сене бермеуге кеңес берді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ