Әр басқан қадамыңыздан электр энергиясын өндіруге болады
Адамның әр басқан қадамынан электр энергиясын өндіріледі дегенге сенесіз бе? Ұлыбританияның «Pavegen Systems» деп аталатын озық технологиясы табаныңыз тиген жерден 5 ватт кинетикалық энергияны алуға мүмкіндік береді. Қазір заманауи құрылғы әлемнің 150-ден астам қаласында қолданысқа енгізілген. Әлем елдерінде, әсіресе, Ұлыбритания мен Қытайда «Pavegen Systems» тақтайшалары зәулім ғимараттардың кіреберісі мен жол өткелдеріне орнатылған. Сөйтіп, одан жиналған электр қуаты түнгі мезгілде көше шамдарын жағу үшін қолданылады. Талайдың таңдайын қақтырар тың технологияны енді Атырауда да жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қазыналы өңірде климатқа сәйкес келетін баламалы энергия өндіретін 27 жоба жасақталған. Солардың қатарында «Pavegen Systems» тақтайшалары да бар. Қазір осындай тақтайшаларды облыс орталығына орнату жоспары жан-жақты талқыпанып жатыр. Мамандардың айтуынша, аталған технология электр қуатын өндіруді 200 есеге жеңілдетеді. Демек, инфрақұрылым жүйесі үшін өте тиімді болары даусыз. Өзге елдердегі тәжірибеге сүйенер болсақ, кинетикалық қуат көзі саналатын тақтайшалар халық көп шоғырланатын жерлерге орнатылады. Өйткені, адам саны артқан сайын өндірілетін энергия да молая түседі.
– Үшбұрышты тақтайшалардың әр қыры – 50 сантиметр, — дейді осы орайда облыс әкімінің инвестиция жөніндегі кеңесшісі Азамат Асылбеков. –Басқаша айтқанда, оны жаяу жүргіншілер жолына төселетін плиткаларға немесе ішкі жөндеу жұмыстарына пайдаланылатын кафельдерге ұқсас деуге болады. Мәселен, оны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің алдына орналастыратын болсақ, осында келіп-кететін 10 мыңға жуық адамның әр қадамынан күніне шамамен 500 киловатт қуат көзін жинауға болады. Егер қажет деп тапсаңыз, мұны математикалық әдіспен оп-оңай есептеп шығаруға болады. Бұл әрине, ұзақ мерзімді үрдіс, дегенмен, таза әрі арзан энергия өндірудің ең оңтайлы жолы.
Табиғи ресурс көздерін үнемдеуге таптырмас мүмкіндік саналатын жаңа технологияны халыққа қызмет көрсету орталықтары мен жоғары оқу орындарында немесе банк кеңселерінің кіре-берісіне орнатудың пайдасы орасан зор болмақ. Бұл ретте көрермені көп концерт залдары мен аудиториясы ауқымды би алаңдары да назардан тыс қалмайтын болар.
Амандық АБДОЛ