«Әр адам – өз өмірінің суретшісі»
Гүлсара БОТАТАЕВА,
Атырау облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің директоры:
Арамызда білімі мен білігі арқылы бедел биігіне көтерілген адамдар аз емес. Біз оларды көбіне іс басында ғана көреміз де, қарапайым адами тұлғасын жан-жақты тани білмейміз. Міне, жобаның мақсаты – осындай жандардың ішкі дүниесіне үңілу, оларды әр қырынан тани түсуге ұмтылу. Бір сөзбен айтқанда, бейресми әңгімеге шақыру.
Сонымен, сыр-сұхбат алаңының кезекті кейіпкері – отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің директоры Гүлсара Ботатаева.
– Гүлсара Аманғалиқызы, сізді халық ең алдымен жетімдерді басынан сипаған, қайырымды, адамгершілігі мол, әрі Атырау облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің басшысы ретінде жақсы таниды. Бұдан басқа сіз тағы қандай істі атқара алар едіңіз? Біз білмейтін басқа қырларыңыз бар ма?
– Өзім өмірдегі болып жатқан құбылыстардан шет қалғым келмейді. Себебі, бала кезімнен берілген тәрбие жан-жақты болуға баулыды. Тәрбиені ұлағатты, ізгі жан – нағашы атамнан алдым. Қазір өткен өмірімді ой елегінен өткізіп отырсам, нағашы атамның нағыз данышпан, ұстанымы берік болғанына көзім жетеді.
Бала кезімнен сурет салуға, қолөнерге әуес болып өстім. Бір мезгіл жан тыныштығына баулитын, ой-қиялыңды шыңдағың келетін сәттер болады. Сондай мезгілдерде бойыма шабыт бітеді. Музыканы жанымдай сүйемін. Қолымнан келмейтінін білсем де, ән айтуды армандаймын. Жауапкершілігім жоғары. Көпшілік біле бермейтін бірбеткей мінезім бар, бірақ, оны ешуақытта ашық көрсетпеймін.
Саяхаттап, сейіл құрғанды жаным сүйеді. Әсіресе, таулы, орманды жерлерде серуендегенді, табиғаттың тылсым үнін тыңдағанды ұнатамын. Романтик екенімді де жасырмаймын…
– Бала кезіңізде кім болуды армандап едіңіз, көптеген адамдар мойынсұна бермейтін бұл қызметке қалай келдіңіз?
– Рас, кезінде дәрігер, соның ішінде хирург болуды армандайтынмын. Мектепті үздік аяқтап, медициналық институтта оқығым келді. Институтқа түсе алмасам да, Алматыдағы медициналық училищені үздік бітіріп, тұрмысқа шықтым. Әрі қарай ұзақ жылдар бойы ұстаз болған енемнің ақылына тоқтап, педагогикалық мамандық бойынша жоғары білім алдым. Студент кезімде қолым босай қалса, әсіресе, түнгі мезгілдерде балалар ауруханаларына тегін кезекшілікке жазылатын едім. Онда сырқатына бола ата-аналары бас тартқан жетім балаларды көп кездестіретінбіз. Неге екенін білмеймін, үнемі солардың бөлімшесіне барып, бағып-қарауға көмектесетін едім.
– Гүлсара отбасында қандай адам?
– Өз отбасын қызғыштай қоритын ана, бақытты әже. Қарапайым, байсалды, парасатты, ерін сыйлайтын, отбасы берекесі мен бірлігін бәрінен жоғары қоятын әйел. Ері туралы жағымсыз пікір айту, оның бетінен алып қарсы шығу – мен үшін жол беруге болмайтын күнәлі іс. Ерін сыйлаған әйелдің әркез еңсесі биік болады.
– Бастан өткерген бір оқиғаңызды айтып берсеңіз. Бір нәрсеге өзек жара өкінген немесе қатты қуанған сәттеріңіз болды ма?
– Өмір болған соң, өкініш те, қуаныш та, реніш пен қайғы да қатар жүреді емес пе?! Қиындықтар да бастан өтіп жатыр, бірақ, соның бәріне де төтеп бере алған сәттерімді жоғары бағалаймын. Әр адам – өз өмірінің суретшісі. Сондықтан да, өмірім туралы салынған суреттердің түрлі түсті болуын, бояуының ақ пен қарасын ажырату, күннің шуағын көре білу де қуаныш деп есептеймін.
– Өзіңізге бас сүйеген қамкөңіл балаларға нені үйретесіз?
– 2009 жылы сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев пен облыстық білім беру басқармасының басшысы Қилымғали Қайненов ағай мені шақырып «Сіздің қолыңыздан келеді. Осы қамкөңіл балалармен жұмыс жасап көріңіз, жұмыс оңай деп айта алмаймыз» деп бүгінгі қызметімді ұсынды. Тәуекел деп жұмысқа кірісіп кеттім. Ал, қазір қызметімді орта жолда тастап кету өз арымның алдындағы қиянаттай көрінеді. Себебі, әр баланың тағдыры менің қолымда тұрғандай болады…
Балаларға ең алдымен мейірімділікті, сүйіспеншілікті, адалдықты, айналасына сеніммен қарап, адами болмыс пен азаматтық парызын өтеу маңызды екенін үйретудемін.
– Мекемеде қыз бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлінеді?
– Қыз бала тәрбиесі – күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе. Қыз бала неғұрлым инабатты, өнегелі, бауырмал болса, соншалықты оның айналасындағылар да жақсылыққа ұмтылады. Әрқайсысын ішке тартып, баулимыз. Өнер мен мәдениеттілікке, отбасылық шаруашылықты жүргізуге, ұқыптылық пен сенімге тәрбиелейміз. Қыз балалармен жұмыс жасайтын арнайы клубымыз да бар.
– Алға қандай мақсат қойдыңыз?
– Алға қойған мақсаттар көп-ақ, соған жетуге денсаулық берсін деймін.
Гүлсара Ботатаеваның педагогика саласында қызмет атқарғанына 33 жылдан астам уақыт өтті.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісінің, «Құрмет» белгісінің иегері. Республикалық, облыстық деңгейлердегі көптеген Алғыс хаттармен марапатталған.
Мәлике Мәлік