364 1476221054 500b52e9c5

«Қызым, саған айтам…»

Жаңалықтар СарапTime Қоғам

Atr.kz/11 қазан, 2019 жыл. «Қыз бала – жат жұрттық» деген ұғымнан ба екен, біздің ата-бабаларымыз қыздарын ерекше құрметтеген. Бар жақсыны кигізіп, ең тәттіні аузына тосқан. «Алты жастан жасаса – асады, жеті жастан жасаса – жетеді» деп, сандық-сандық қымбат дүниені де ерте бастан жия берген. Сондағысы − «ертең баратын үйінен ұят болмасын, өзінікі өзіне жетсін, артылып жатсын» деген ой.

Ыдыстан шыққан шатақ

…Ақлима да көзінің ағы мен қарасындай болған бір ұл, бір қызын қатарынан кем қылмай өсірді. Екеуіне де жоғары білім алып берді. «Әкелері жоқ» демесін деп, барынша намысқа тырысты. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін қымбат көлігін, жатақханадағы бір бөлмесін сатты. Одан түскен қаражатты «балалардың тойына жұмсармын» деп, банкке салып қойды. Қызы жиырма төртке толғанда тұрмысқа шыққысы келетінін айтты. Мұндай қуанышты естіген анада жан бар ма, ағайынтумаларға хабарлап, мәз болды.

Арада жарты жылдай уақыт өтер-өтпесте қызды құтты орнына қондырды. Құда-құдағайы өзінен он шақты жастай үлкен екен. Әп дегеннен өзін менсінбейтіндей көрінді. Сонда іштей: «Азаматым болмағасын, сөйте ме екен? Шамасы жесір әйел дейді-ау…» деп уайымдайтын болды. Сонда да Ақлима қызының көңілі үшін араласып-құраласып жүре берді. Ал, бірде қызы: – Мама, сізге айтуым керек деп шештім. Енем менің ыдысаяқтарым мен төсеніштерімді қайын сіңліме бергелі жатыр. Олар бөлек шығады екен. Өзінің заттары тозып, ыдыстары сынып қалған, дейді. Енеме өзімнің қарсылығымды білдіргем, ұрсып тастады. Өзің сөйлесіп көресің бе? – дейді жалынып.

Содан Ақлима қызының өтініші бойынша құдағайға телефон шалады. «Солай да солай…» дейді. Бұрыннан да өзін онша көрмейтін құдағай бұған біраз сөз айтып тастайды. Ақырында: – Ыдыс пен көрпеде тұрған не бар, жеп қоятын тамақ па екен?! Қит еткенді шешесіне айтатын келіннің қажеті жоқ бізге. Алып кет қызыңды! – дейді айбарланып. Құдағайдан мұндай сөзді күтпеген қыз анасының қан қысымы көтеріліп, ауырып қалады. «Неге ғана телефон соқтым!» деп, өзін кінәлай береді, кінәлай береді…

«Мен тек «Бутиктен» киінем!»

Сабинаның келін болып түскеніне жыл да толмаған. Соған қарамастан қайын жұртына жеккөрінішті болып үлгерді. Қалай дейсіз ғой? Ол – біреудің ерке қызы, жалғызы. Үйде шаруаға қыры жоқ, түзде тағы солай. Баққаны бояну, өзін күту, соңғы сән үлгісімен киіну… Аяғы ауырлаған соң тіпті бұрынғыдан бетер ашушаң, жылауық болған. Күйеуінің 120 мың теңге айлығының бәрін алақанына салып алады да, ай сайын жүкті келіншектердің киімкешегін сатып ала береді.

Ал, олардың бәрін «бутиктерден» алғасын бағалары да қымбатақ. Шыдамның да шегі бар емес пе, оның үстіне өздері де қиналып кеткесін енесі: – Мынауың дұрыс емес, келінжан. Тойдың кредиті бар, ішіп-жем, коммуналдық қызмет ақылары… – осылардың бәрін атаң екеуміз зейнетақыдан төлеп отырмыз. Сен болсаң, ай сайын төртбес киім аласың. Баламыздың айлығының, ең болмағанда, жартысын тамаққа қоспайсың ба? – дейді. Сол-ақ екен, келіні жылапеңіреп, әке-шешесіне телефон шалады.

Қыздарын «жұбатуға» келген құда-құдағай: «Біздің жалғызымыздың қалаған нәрсесін алып беруге шамаларың келмесе, ұлдарыңды байыған соң үйлендірмедіңдер ме?» деп, бұлардың өздерін сөгеді де, ай-күні жетіп отырған Сабиналарын өздерімен бірге алып кетеді… «Аһ» ұрған ата мен ене ұлының алдында өздерін кінәлі адамдай сезініп, болған жайды зорға баяндап береді. «Біз – өте қарапайым отбасымыз. Ай сайын киінетін сәнқойлығымыз да, артық ақшамыз да жоқ.

Ал, мұны келін де, оның ата-анасы да түсінбейді. Сонда не істеуіміз керек?» дейді жігіттің зейнеткер анасы. Өзі салақ, өзі олақ… Қазақта кенже ұлды «қарашаңырақтың иесі» деп қарау дәстүрі бар. Айман ене де кіші келінді қолында ұстап келеді. Анжела келін өзі түскен төрт жылдың ішінде бұл шаңыраққа қос сәби – бір ұл, бір қыз сыйлады.

n 1

Былай қарағанда, бәрі тамаша көрінеді. Расында қалай? Алты баланың анасы Айманның үш қызы тұрмыста, екі бала-келіні бөлек тұрады. Бәрін бір-екі жылдан қолдарында ұстаған екен. Ал, кенже келіні өзін шаршатып отырғанға ұқсайды. «Менімен сөзге де келмейді, өзі сөз де ұқпайды. Әрі салақ, әрі олақ. Бұл үйдің келіні ол емес, мен сияқтымын. Үйді таза ұстау, лас киімдерді уақытымен жуып тұру, балалардың тігісі сөгілген киімдерін жөндеп, түскен түймесін қадау, ыдыс аяқтарды лезде жуып тастау – осының бәрі менің мойнымда. Жас емеспін, алпыстың бесеуіне келдім.

Амалсыздан келінге келін болып жүрмін…» дейді ол ренішті кейіпте. Бұл туралы ол келіннің анасы – құдағайына да айтқан көрінеді. Ол: «Бізден кетті, сіздерге жетті. Ендігісін өздеріңіз шешіңіздер, үйретіңіздер!» – депті. – Осы күні бір жерге қыдырып баруға бетімнен басамын. Кешкілік үйге келсем, шашылған үй, жуылмаған ыдыс… – бәрі мені күтіп тұрады. Қатты айтсаң, оның да тілі бар: «Мен де ойнап жүрген ж о қ п ы н . Үкіметтің жұмысында жүрмін…» дейді. Әйел атаулының бәрі жұмыста жүрген жоқ па, келіндікі не тайраңдау?!

Бөлек шығарып жіберейін десем, кішкене немерелеріме бауыр басып қалдым. Не істерімді білмеймін?.. Айман ене өз әңгімесін осылай сабақтады. Ал, сіздер не айтасыздар, қадірлі оқырман? Біз әке шаңырағындағы қыздарымызға дұрыс тәрбие беріп жүрміз бе? Оларға ертеңгі келін, баратын жерінің бағын ашатын ең басты тұлға деп қараймыз ба? Әлде «әлі жас, кішкентай» деп, асыра еркелетіп жүрміз бе?

Лиза СЕЙТІМОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған