Қызылқоғада алғашқы қар жауды
Атырау облысында алғашқы қар бүгін Қызылқоға ауданы Миялы ауылында жауды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ауыл тұрғындары алғашқы қардың бүгін түнгі мезгілден бастап түскенін айтады. Табиғаттың тосын сыйына балаша қуанған тұрғындар қар жауған сәтті суретке түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісуде. «Мен бүгін түнгі сағат 2.30-да далаға шыққанымда қар жауып тұрған тамаша сәтке куә болдым. Сөйтіп, телефонымның бейнежазбасына түсіріп алдым.
Бірақ, қуанышымыз ұзаққа бармай, қар соңы жаңбырға ұласып кетті» дейді аудан әкімдігінде баспасөз хатшысы болып еңбек ететін Миялы тұрғыны Айсәуле Ардаққызы. Биыл алғашқы қар Астанада кеше 26 қазан күні жауған болатын.
Синоптиктердің болжамынша, елімізде алдағы күндері қар аралас жаңбыр жауады деп күтілуде. Айта кетейік,12 қазан күні де Атырауда қар жауады деп болжанған, бірақ оның орнына жаңбыр жауған болатын.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото «фейсбуктен» алынды