
Қызылқоға өр суына дайын ба?
Қыс маусымы аяқталып, көктем жақындаған сайын қардың еруімен өзен-көлдердің тасу қаупі арта түседі. Биыл да су тасқынының алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы басталған су тасқынына қарсы жұмыстар биыл өз мәресіне жетуде, — деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев және облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ратбек Демеуберген арнайы іссапармен ауданға келіп, Сағыз және Ноғайты өзендерінің арналарын кеңейту және тереңдету, сондай-ақ елді мекендердегі бөгеттерді биіктету жұмыстарымен танысып, тексеріп шықты. Бұдан бөлек, аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Миялы ауылындағы «Қарасу» бойына салынған көпірдің, Ойыл мен Көздіғара өзендері бойындағы көпір құрылыстарының және су шайған «Сағыз-Миялы-Қарабау» тас жолындағы жөндеу жұмыстарының сапасына баға берілді.
Аудан әкімі Қанат Қадыржанұлының айтуынша, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында аудан бойынша 41 200 метр бөгетті нығайту жоспарланған, оның 90 пайызы бүгінде аяқталған. Бұзылған екі көпір қалпына келтіріліп, жаңадан бір көпір салынды. Сонымен қатар, «Сағыз-Миялы-Қарабау» тас жолында судың кедергісіз өтуі үшін 14 су өткізгіш орнатылды.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары ауданға қарасты Қарабау ауылына табан тіреп, аталған округ арқылы өр суы өтетін каналдың бүгінгі жай күйімен танысты. Бұл тұрғыда аудан басшысы талапқа сай келмейтін каналдың су өткізу қабілетін арттыру қажеттігін атап өтті.
Қазіргі таңда мамандар мен жауапты органдар көктемгі тасқынға дайындықты күшейтіп, су тасқыны қаупін барынша азайту үшін жұмыс жүргізуде.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ