Жарнама
Жаңалықтар

Қызылордаға 60 адам эвакуацияланды

Жайық өзенінде су тасуы жөнінде алдын ала болжамдар айтылып, қарттар мен көп балалы аналарды уақытша қауіпсіз аумақтарға көшіруге кеңес берілген соң тұрғындар тиісті құрылымдардың ақпаратына құлақ асыпты.

Бұған дейін Жем өзенінде су тасығанда Құлсары қаласының тұрғындары Маңғыстау облысына уақытша қоныстандырылса, бүгінде Атырау қаласының кейбір тұрғындары Қызылорда қаласына барып орналасқан.

«Сыр Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты облыстық «Сыр бойы» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Қуат Шарабидиновтің хабарлауынша, Қызылорда қаласына Атыраудан 16 сәуір күні 60 адам келіпті. Осынша адамның 41-і балалар екен.
Біздің өтінішімізге сәйкес арнаулы орынға жайғастырылған атыраулықтардың хал-жағдайын білген әріптесіміз мұнда барлық мүмкіндіктің жасалғанын айтты.

Атыраулық көп балалы ана Зәуре Қарабалиева Қызылордада өздерін жақсы күтіп алып, жайлы орналастырғанына дән риза. Бесіктегі баласынан өзге бес сәбиімен келген келіншек Жайық өзенінде су тасу қаупі айтылған соң ІІ топтағы мүгедек анасы, әжесі, іні-сіңлісімен еш ойланбастан жолға шығыпты.

— Отбасындағы ерлер жағы Атырауда қалды, жаға бекіту шараларына атсалысып жатыр. Ал, мұнда бізді күтіп алып, үйдегідей барлық жағдайды жасап отыр. Тамақ та жеткілікті, төсек-орнымыз да мұнтаздай тап-таза. Басымызға күн туғанда жайдары көңілмен қабылдаған Қызылорда халқына да ризашылығымыз шексіз. Алдын ала жоспарланбаған соң жолда анам мен әжемнің саулығына алаңдап едім, оларға ауруханадан дәрігер шақырып ем-дом жасап жатыр, — дейді Зәуре.

Өз тілшіміз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button