Қымбатшылықты қалай тежей аламыз?

n rlybek ozhaev Жаңалықтар

Мемлекет басшысының Жолдауы – өзекті мәселелерді көтерген құнды құжат. Проблемалар мен кемшін тұстар, оларды оңалту, шешу жолдары сараланған стратегиялық бағыттаманың аясында атқарылатын істер, межелі міндеттер туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің және фракциясының мүшесі Нұрлыбек Ожаевпен қысқаша сұхбаттастық.

– Нұрлыбек Жұмахметұлы, ең алдымен, мемлекет басшысының Жолдауында көзделген негізгі концепция қандай? Не айтар едіңіз?

– Жылдағы дәстүр бойынша ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. Маңызды стратегиялық құжатта 7 негізгі тарау аясында мемлекеттің дамуы, экономикалық өрлеу, әлеуметтік ахуалы, бірлік пен тұтастық сынды маңызды мәселелер толық талданып, заманауи сын-қатерлерге төтеп беру жолында нақты тапсырмалар жүктелді.

Ал, көзделген мақсаттарға жету үшін негізгі 5 бастама жарияланды. Жалақы мәселесіне қатысты бірнеше маңызды сатылардан тұратын бастамалардың сәтті жүзеге асуы арқылы отандастарымыз тұрмыстық деңгейін жақсартуға мүмкіндік алары сөзсіз.

Бір сөзбен айтқанда, Жолдау қазіргі қалыптасқан жағдайдың аясында елдің өсіп-өркендеуінің заманауи бағыттарын толық айқындап берді.

Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі болғандықтан, қазір қызу талқыланып жатқан баға тұрақсыздығы, қымбатшылық сынды маңызды мәселелерге қатысты пікір білдірсеңіз…

– Экономикалық даму бағытында кенжелеп қалған тұстарымыздың бар екенін жасыруға болмайды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласына қатысты қордаланған проблемалар бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында аталған тақырыптағы өзекті мәселелер жіктеліп, нақты айтылды.

Соның аясында, баға тұрақсыздығына себеп болатын факторлар ретінде негізгі үш мәселеге тоқталғым келеді.

Біріншіден, сапалы инфрақұрылым-дардың жетіспеуі. Бұл өндірушінің шығындарын көбейтеді.

Екіншіден, сауда логистикалық объектілерінің қызметін үйлестіру деңгейі төмен. Нәтижесі тағы сол, шарықтаған баға.

Үшіншіден, сауда құрылымдарының ескі форматта жұмыс жасауы. Бұл өндірушінің өнімін өткізіп, сатуда мүмкіндігін шектейді. Аталған мәселелердің бәрі қымбатшылыққа соқтырады.

Айрықша атап өтерлігі, өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі үрдісті бақылау қажет. Мәселен, бұл 4 сатыдан тұрады. Яғни, өндіру, сақтау, жеткізу, өткізу. Осы кезеңдерді қадағаласақ, қымбатшылықты тежей аламыз.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру – аса маңызды. Осы ретте қоғамда «бағаны тұрақтандыру қоры керек пе? Оның қандай тиімділігі бар?» деген сауал жиі қойылады. Сіздің аталған мәселеге байланысты ойыңызды білсек?

– Тұрақтандыру қоры керек, әрине. Мемлекеттегі баға саясатын қоғам ішінде реттеуші тетік ретінде ол өзінің тиімділігін көрсетті. Қоғам болғасын әртүрлі әлеуметтік санаттағылар, кедейшілік деңгейінде күн көріп жатқандар бар. Бағаның шарықтауы ең алдымен, осы топтағыларға оңай соқпайды. Сондықтан, Үкімет қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын бақылауда тұрақтандыру қорының маңызы зор. Алайда, қазіргі қолданыстағы жүйені түбегейлі өзгертіп, реформалау қажет дер едім. Бұл мәселелер «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында да жан-жақты көрініс тапқан.

Президент депутаттар алдында да көптеген міндеттер тұрғанын Жолдауда айрықша атаған болатын…

– Иә. «Әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындау керек. Сіздер халықтың мүддесін қорғау үшін әрдайым табандылық танытуға тиіссіздер. Әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы керек» деген Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасын тиянақты іске асыру абыройлы міндет.

Таяуда Парламент Мәжілісінің қарауына келіп түскен «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Биологиялық әралуандылықты сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы болды. Бұл – мен жұмыс тобының мүшесі ретінде қатысып отырған алғашқы Заң жобасы.

Аталған құжат Қазақстан Рес-публикасының Каспий теңізіндегі теңіз ортасының биологиялық әртүрлілігін сақтауға, қоршаған ортаның және антропогендік ластану кезінде тиісті шараларды қамтамасыз ету үшін ұлттық заңнаманы жетілдіруге, биологиялық ресурстарды орнықты пайдалануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғаудың жедел және тиімді шараларын іске асыру жөніндегі мемлекеттердің көпжақты ынтымақтастығын сақтауға жәрдемдеседі.

Каспий теңізінің оның жағалауын-дағы елдер, оның ішінде Қазақстан экономикасы үшін маңызы зор. Сондықтан аталған заң жобасы терең талдауды, жан-жақты зерделеуді қажет етеді.

– Елордада жүрсеңіз де кезінде өзіңіз бастап, қолға алған игілікті істі жалғастырып жатырсыз… Мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Исатай батыр кесенесін жаңғырту жұмыстары туралы айтып отырмын. Білуімізше, бұл бағыттағы жұмыстар аяқталды.

– Қызмет бабымен астанаға кеткеніммен, туған жерге деген махаббатым ерекше. Ол ешқашан сейілмек емес. Расында да, батыр бабамыздың 230 жылдығына орай оның кесенесі кешенге айналса деген асқақ арман ақиқатқа айналды. Патриоттық тәрбиені жандандыру арқылы баhадүр батыр бабаларымыздың есімін ел жадында жаңғырту – елдік мүдде. Осы мақсатта Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Ақтөбенің Қобда өңіріндегі Шейітсайдағы Исатай бабамыздың кесенесін жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан-ды. Енді міне, азаттық жолында күрескен есіл ерге арналған айшықты кешеннің құрылысы аяқталып, болашақ ұрпақ алдындағы зор міндетіміздің бірі сәтті жүзеге асты.

Күллі қазақтың азаттығын аңсаған батыр мазары маңына сенімді серіктерінің есімі жазылған ескерткіш тақталар қойылды. Айналасы абаттандырылып, келбеті жаңарады. Осы ретте Тәуелсіздік тойына тарту болған игі істің басы-қасынан табылған, демеушілік жасаған, қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтамын.

– Соңғы сауал: Мәжіліс қабырғасында қаралып жатқан заң жобаларына қатысты депутаттық сауалыңыз қай тақырыпты қамтымақ? Яғни, жұмыс барысынан аз-кем ақпарат беріп өтсеңіз…

– Атап өткенімдей, Каспий теңізіне қатысты тақырып терең талдануда. Су көзінің флорасы мен фаунасын сақтау, қорғауға алынуы тиіс тіршілік иелерінің арнайы тізімін жасақтау, сонымен қатар, теңіз суын ластау көздерін шектеу жөніндегі технологияларды пайдалану тетіктері қаралуда.

Бұған қоса, жайылымдық жерлерге қатысты маңызды мәселе күн тәртібінде тұр. Мал баққан кәсіп иелері үшін агросаланың басты басымдығы – жер. Ел ішіне сапарлаған сәтте ауыл-аймақтағы шаруагерлердің, басқа да жер пайдаланушылармен жұмыс жасайтын мемлекеттік орындар басшыларының осы тақырыпқа қатысты айтарын тыңдап, пікірлеріне құлақ асқанбыз. Енді, соларды іске асыру межесі көзделуде. Яғни, қолданыстағы заңдылықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жайылымдық жерлердің мәртебесін жетілдіру, тиімді пайдалануды көздеген жұмысшы тобының құрамында қызмет етіп, маңызды мәселенің оң шешілуіне септесу – жоспарымда.

– Жұмысыңызға сәттілік! Рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз