Қымбатшылықтан құтылар күн бар ма?
Atr.kz/4 наурыз, 2020 жыл. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, өткен жылы өңірде осы сала бойынша 80 млрд. теңгенің өнімі өндіріліпті. Әйтсе де, мұны аз немесе көп деп салмақтаудың қажеті жоқ. Мәселе – өнімнің қолжетімділігінде. Ханның да, қараның да дастарханынан табылуында. Байдың да, кедейдің де сатып алу мүмкіндігінің болуында.
Соңғы жылдарда жүргізілген пәрменді шаралардың нәтижесінде атыраулықтарды жергілікті азық-түлікпен қамтуда біраз ілгерілеу бар екен. Егін алқаптары жыл санап біртіндеп көбейіп келеді. Ресми құжаттарға сенсек, баубақша дақылдары молынан жеткілікті. Тіпті әр тұрғынға шаққанда артығымен қалатын көрінеді. Бұған иланбасқа да лажымыз жоқ. Өйткені, «айтылған сөз – атылған оқ» дегендей, мұндай тұжырым мемлекеттік қызметкердің аузынан шығып отыр.
Лауазым иесі өтірік айтпайтын шығар. Ендеше, тілді үйіретін көкөніс неге атыраулықтардың дастарханынан тұрақты орын алмайды? Бұл Жайық жағасындағы жұрттың анда-санда ауыз тиетін жеңсік асына айналғаны қалай? Немесе былтыр мұнайлы мекен тұрғындары етпен 109 пайыз қамтамасыз етіліпті. Тіске тимесе, түстен шықпайтын оны жеп жатқанымыз рас. Бірақ, қаншалықты жиі? Міне, осы сауалдардың бәрінің бір-ақ жауабы бар, бұл – баға. Оны базар қалыптастырады.
«Атырау» газетінің редакциясы ауыл шаруашылығы құрылымдары мамандарымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырғанда жағаға жармасып, етектен тартқан қымбатшылықтың қыр-сырына үңілгенді мақсат тұтқан-ды. Сонда шараға қатысқан мемлекеттік қызметкерлердің өздері саудаға араласа алмайтындығын ашық айтқан. Шаһардағы сауда орындарында жергілікті өнім сатушыларға арзанға арнайы орын дайындап, біраз жеңілдіктер жасалады. Мемлекеттен субсидия бөлініп, қолдау көрсетіледі. Яғни, малшылардың да, егіншілердің де еңсе көтеріп, еңбек етуіне мүмкіндік туғызылады. Ендеше, олардың өнімдерін қадағалау тетігі жоқ па?
Алдындағы тауарын қаншалықты қымбатқа сатып жатқандығын сұрауға да болмай ма? Сөйтсек, мұндай ереже жоқ екен. Облыстық а у ы л ш а р у а ш ы л ы ғ ы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаев қожалықтардың ішкі ісіне араласуға болмайтынын алға тартады. Бұл шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеруге тыйым салынғаны секілді шаруашылықтардың шаужайына жармасқан тәрізді көрінеді. Сонда әлгі көрсетіліп жатқан көмектің бәрі қайтарымсыз қаржы болғаны ғой. Қарапайым қағидаға сүйенгенде де, мемлекеттің қолдауымен кәсібіңді дөңгелентіп отыр екенсің, соған сәйкес өзің де қолы қысқа халыққа қамқор бола білгенің жөн емес пе?
Үкімет тарапынан қазіргідей демеумен дихандар шамадан тыс шығынға да батып отырған жоқ. Ендеше, қымбатшылық қалай қалыптасты? Тағы да облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаевтың сөзіне сүйенсек, егін алқаптарынан келетін мол өнім алдымен алыпсатарлардың қолына тиеді екен. Мейлі ресми түрде кәсіпкерлер аталса да, өзі шөп басын сындырмай, өзгенің даяр тауарын үстіне үстеме қосып саудалайтындарды осылай атамасқа амалымыз жоқ. Солар елді мекендерден ағылған көлікті жол бойынан тосып, бар жүгін түсіріп алатын көрінеді. Сауда сөрелеріне жеткізбейді.
Кейін үстіне үстемесін қосып, қайта сатады. Тұтынушыға ұсынылар қымбат баға осыдан шығады. Бір қызығы – осы оралымсыздықтың біраз жыл бойы қайталанып келе жатқандығы. Аймақ ауыл шаруашылығы саласының тұтқасын қанша адам ұстағанымен, содан бері ақыры түйіні тарқатылмайтын мәселеге айналғаны ма? Атқарушы билік өнімдерін сатуға орын ұсынғанымен, дихандардың сауда жасауға құлқы да, уақыты да жоқ. Жер емшегін емген жандар ақша санаудың жөнін де білмейді.
Міне, ортадағы делдалдар соны пайдаланып отыр. Сөйтіп, жаз бойы егін егіп, оны суарып, тер төккендердің өнімін арзанға алып, қымбатқа қайта сатып жүр. Әйтсе де, есімізге өткен жылы қыркүйектің соңында о б л ы с т ы қ ә к і м д і к т е кәсіпкерлікке қатысты ұйымдастырылған келелі кеңес түседі. Соның барысында шаруа қожалықтарының бірінің өкілі жергілікті өнімнің қымбатқа сатылатынына реніш білдірген. Тіпті өздері-ақ өткізуге даярлығын айтқан.
Бірақ, сауда орындарында, мәселен «Дина» базарында жеткілікті жағдай жасалмаған. Оның үстіне, осы отырыста дихандар өздерінен даяр өнімді әр келісіне 40 теңгеден алғандар жұртқа 150 теңгеден сататынын тілге тиек еткен. Кімдер бұлар? Көлденең алыпсатарлар ма, әлде мемлекеттік құрылым қызметкерлері ме? Өйткені, өткен жылы ш а р у а ш ы л ы қ т а р д а н тұрақтандыру қорына барлығы 1115 тонна картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз сатылып алынды.
Солардың алу-сату бағасында айырмашылық бар ма? Болса, қанша? Тағы да жергілікті дихандардың айтуынша, шаһар көшелерінде дүңгіршектерін тізіп тастап, көкөніспен емін-еркін сауда жасап отырғандардың дені өзге елден, әсіресе, Өзбекстаннан келген адамдар. Олар осында тіркелген кәсіпкерлер ме? Заңға сәйкес салығын төлеп отыр ма? Рас, «Атырау» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясының өкілдері облыс орталығында бизнес иелері үшін жүз шақты сауда орнын белгілеп, соларды 5-7 жылға жалға беруді бастапты.
Қазір жетпіске жуық нысанның иесі аукцион арқылы анықталған. Әйтсе де, оған қатысқан жас кәсіпкердің айтуынша, 40 шаршы метрлік сауда орнының шаш етектен шаруасы бар көрінеді. Яғни, электр жарығын, су мен жылу құбырын тарту қажет. Ұсақтүйек тәрізді көрінгенімен, соның өзіне 6-7 млн. теңге жұмсалады. Міне, осындай және өзге де шығындардың бәрі халықтың қалтасынан өтеліп жатқан жоқ па?
Р.S. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан қымбатшылыққа министрлер де, облыс әкімдері де кінәлі екендігін ашық айтқан еді. Демек, қолда бар тетіктер толық қолданылмай отыр. Шындығында да, себебі белгілі нәрсеге тыйым болмағаны түсініксіз-ақ. Әлде бұл да тексеруге жатпайтын бизнестің бір түрі ме? Дихандардың маңдай терін саудаға салғандар бұғалықсыз жүре бере ме? Ашығы сол, ауыл өнімдері алыпсатарлардың азығына айналмауы тиіс.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ