Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

Қымбатшылықтан қашан құтыламыз?

Бұл жөнінде облыстық қоғамдық-саяси «Atyraý» газетінің редакциясында бас қосқан мамандар айтты.

Сонымен, валюта нарығындағы тұрақтылықты үйлестіріп алмай, экономикалық өсім туралы сөз айту жөн болмас. Инфляцияны төмендету, бағаны тұрақтандыру мəселелері неден басталуы керек? Қайткенде нəтиже көп күттірмейді?

– Алдымен, «көлеңкелі» экономикамен күресу қажет. Əлеуметтік теңсіздікті қысқартқан жөн. Экономикада жоғары инфляция, тауарлар мен қызмет бағасының өсуі орын алып отыр. Ал, инфляцияны төмендету, бағаны тұрақтандырудағы бір тапсырма – 180 күн бойы тауарлар мен қызмет бағасын өсірмеуді қадағалау. Меніңше, ішкі инфляция факторларына жататын мына тетіктер қолға алынса, барлық түйіннің күрмеуі шешілер еді: – Импортқа тəуелділікті төмендету; – Əлеуметтік теңсіздікті қысқарту; – Монополияны жою, олигополияны тежеу; – «Көлеңкелі» экономикамен күресу; – Нарықта бəсекені арттыру. Сонда ішкі тұрақтылықтың сақталатынына сенім кəміл, — дейді экономика ғылымдарының кандидаты Рысты Сабырова.

Ал, экономика ғылымдарының магистрі Майра Дәрісқалиева теңгені нығайту көптеген факторға байланысты екенін айтады.

– Ұлттық валюта – теңгені нығайтып, инфляцияны төмендету тек қаржы нарығының ғана мəселесі емес, ол – жалпы экономиканың дамуы жəне төлем теңгерімі күйінің жақсаруына да байланысты. Елде импорт алмастыру жəне экспортқа шығарумен айналысатын өндірушілер көбеймейінше, теңгені құнды етіп, инфляцияны құрықтай алмаймыз. Бағаның негізсіз шарықтауына өндірушілер мен өнімді тұтынушылар арасындағы делдалалыпсатарлардың да мол пайда тапқысы келетіні де əсер етеді. Оңай олжа көздеген делдалдар үстеме бағаны өсірген сайын, халықтың жалақысы азықтүлік пен басқа да тауарларды ғана сатып алуға жетеді. Ұлттық валюта нығайып, төрт аяғын тең басуы үшін экономика өркен жаюы шарт. Елдегі шағын жəне орта бизнес қанат жайып, дамуы қажет. Шынын айту керек, дамыған – тек қызмет көрсету саласы ғана. Өзіміз өндіріп немесе өңдеп шығарған, «брендке айналды» дейтіндей өнім аз. Осындай проблемалар барда ұлттық валютаны нығайту оңай емес, — дейді ол.

Өз кезегінде Қазақстан Фермерлер қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Мұрат Сарманов өнім өндірудің маңыздылығына тоқталды.

– Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейтінін Президент айтты. Біздің алдымызда өнім өндіру міндеті тұр. Осы кезге дейін «ел аумағында Менделеев кестесіндегі минералдардың бəрі бар» деп мақтандық. Ал, оның айғағын көре алмадық. Күнделікті өмірден түйгеніміз – халық бағаның өсуін кəсіпкерден көрмейді. Өкіметтен көреді. Себеп – кəсіпкердің өнімді өндіруге қатысы жоқ. Бұл – шындық. Қазір халық тұтынатын тауарлардың басым бөлігі Атырауға белгілі бір жүйемен шет мемлекеттен келеді. Оған кəсіпкер баға қоса алмайды, аз үстемемен сатылады. Егер оны өз елімізде өндірер болсақ, сырттан келетіндегі 100 теңгенің суы 20 теңгеден сатылуы мүмкін. Сондықтан, өнім өндіру мен өңдеуге жұмыстануымыз қажет, — дейді меценат.

Сол сияқты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайфолла Сапановтың сөзінше, Кеңес Одағы кезінде 10 немесе 20 жылда ақша реформасын жасап отырған. Бізге де осындай реформа жүргізу керек секілді. 1997 жылғы дүниежүзілік дағдарыс кезінде əлем Қытайға қарады. Егер сол жолы Қытай үкіметі девальвация жасағанда, Азия нарығы құрдымға кететін еді. Ал, геосаяси тұрғыда Ресей мен Қытай сияқты алып державалардың ортасында, ұтымды жерде тұрғандықтан біздің артықшылықтарымыз мол. Ендеше, тарихшының бұл пікірі көңілге қонымдырақ.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button