Жарнама
ЖаңалықтарЭкология

Құжатсыз өзенде «қожайын» көп

Соңғы екі жылда әбден аңқасы кеуіп, арнасы шөлге айналған Ойылдың ахуалы жергілікті тұрғындарды алаңдатты. Енді ауылдан кәсіп таппаған халық қалаға көшуге мәжбүр. Әу баста несібесін малдан тапқан өңірдің жұрты мал өнімдеріне сұраныс артса да, төрт түлігіне су таппай қалды. Тұщы сусыз малдың да күйі болмайтыны белгілі.

Көшті тоқтатуға кеш қалмайық

Редакцияға хабарласқан «Атамекен» ҰКП Атырау өңірлік кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Марат Жалдекенов ауыз судың тапшылығы және мал суаратын суаттың болмауы, көктемде өр суының келмеуі халықтың үдере көшуіне басты себеп деп есептейді.

  • – Тайсойған құмының етегінен Мақат-Доссорға дейінгі аумақта мешіт-медресесі, мыңғырған малы бар Саркөл деген қоныс болған. Бұл жер тарихта «Саркөл болысы» деген атаумен белгілі. Сол қызу тіршіліктің қайнар көзі де Ойыл өзені болған. Бұл өңірде тары мен қарабидай да егілген. Бүгінде ол жерде күмбез бейіттерден басқа белгі қалған жоқ. Ал, елдің үдере көшуінің басты себебі – Ойылдың тартылуы. Өзенге су келмесе, тұтас бір аудан Саркөлдің күйін кешкелі тұр, — дейді Марат Ізімбергенұлы.

Осы мәселе бойынша былтыр қыркүйектен бері Ақтөбе мен Атырауда Ойылдың мәселесін көтерген бірнеше маңызды мәжілістер өткен еді. Жуырда тағы бірі өтті. Бірақ суға тарығып отырған Атырау өңірі болғандықтан ба, бұл жолғы жиын бұрынғыдан өзгерек болды.

«Бөгеттің бары рас»

  • – Қазақстан су мәселесі бойынша қиын жағдайда тұр. Ойыл өзенінің төменгі сағасында орналасқан Атырау облысы Қызылқоға ауданы тұрғындарының жанайқайы министрлікке жетті. Республика Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің басшылығымен арнайы жұмыс тобы құрылып, қаңтардың соңында Ақтөбе облысының үш ауданына, Атырау облысының екі ауданына іссапармен бардық. Шын мәнінде Тәуелсіздік алған 30 жылда Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің, жалпы Мұғалжар тауынан басталатын бірнеше өзеннің су арнасы мен бассейнін зерттеу-зерделеу жұмыстары жүрген жоқ. Ақтөбе облысының аумағында Кеңес Одағынан қалған бөгеттердің бар екенін ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. Олардың айтуынша, бөгеттердің дені бұзылған, су ағынына көп әсер етпеуі де мүмкін. Бірақ бөгеттерді салған кім, сапасы қандай деген сұраққа нақты жауап жоқ. Бұлақтардың да жайы осындай. 2016 жылы Атырау облысынан сайланған Сенат депутаты ретінде Мұғалжар тауында болып, үш күн жаяу аралап, одан кейін тікұшақпен Жем өзенінің үстімен ұшып, барлық мән-жайды көзіммен көріп қайтқан едім. Ол кезде 100-ден астам бұлақ болса, көбінің көзі бітелген, кейбір бұлақтардың көзіне өсімдік өсіп өзенге құю мүмкіндігі шектелген, — дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің  кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов.

Қазақстанда Кеңес Одағы кезінен күні бүгінге дейін бұлақ мәселесіне көңіл бөлінбеген. Елде бұлаққа жауапты бірде-бір мемлекеттік орган жоқ. Су кодексінен де «бұлақ» деген сөзге анықтама таппайсыз. Ал көрші мемлекеттерде мұның бәріне жауапты орган да, заң да бар. Су ресурстары комитеттері жердің бетінде ағып жатқан суды пайдалану және оны реттеумен ғана айналысады.

Сәрсенбай Құрманұлы алдағы уақытта бұл мәселені аяқсыз қалдырмай, «Су кодексіне өзгеріс енгізу қажет» деп санайды. Бүгінде Ойылдың бойында қанша бұлақ бар? Олардың жай-күйі қандай? Бұл сұрақтарға ешкім жауап бере алмайды. Себебі, ешқандай мәлімет жоқ.

Сонымен қатар, Жем өзенінің Ақтөбе облысының Байғанин ауданы тұсындағы негізгі арнасын шағыл басып, өзен суы құмыққандықтан тарамдалып, бірнеше салаға бөлініп кеткенін өз көзімен көрген С.Еңсегенов «жалпы иесі мемлекет болғанымен, өзенге жауапты иесі болуы керек» деп бағамдайды. Бұл өзендердің арнасы ешқашан тазаланбаған. Оны кім тазалауы керек? Заңда осының бәрі жазылып, нақты көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ бірнеше облысқа ортақ өзендерге қатысты жұмыстарды республикалық деңгейдегі мекемелер атқаруы қажет. Бүгінде ғалымдармен бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге министрлік пен екі облыс әкімдерінің тарапынан қолдау да, келісім де бар.

Кәсіпкер М.Жалдекенов Ойыл өзені мен оған құятын суы бар сай-саланың нақты картасын бекітіп, заңды құжатын жасауға ұсыныс берді. Өзеннің өз құжаты болған жағдайда ғана оны сақтау және өзен арнасын тазарту жұмыстары жүйелі жүргізілері анық.

Ақтөбеліктер алаңдамайды

Атырауда өткен дөңгелек үстелге онлайн қатысқан Ақтөбе облысы табиғи ресурс-тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұлов Ойыл өзенін сақтауға арналған кешенді жоспармен таныстырып, «Бөгеттер наурыз айының ішінде заңдастырылып, коммуналдық меншікке қабылданады», — деді.

31 наурыз күні Жақсығали Исламұлына мәселенің мән-жайын білу мақсатында хабарласып жауап ала алмадық. Телефонмен ешқандай жауап берілмейтінін, ресми хат жазылғанда ғана жауап берілетінін айтып, төрешілдікке басты. Тек басқарманың су шаруашылығы жөніндегі бас маманы Құндыз Нұрқасымовадан бөгеттерді заңдастыруға арналған құжаттардың әділет органына жолданғанын білдік.

Биыл су келе ме?

Екі жыл бойына өр суын көрмеген қызылқоғалықтарда биыл да үрей бар. Ауыл-елді алаңдатқан сауал да осы. Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Әзидуллиннің мәлімдеуінше, «Қазгидромет» РМК берген гидрологиялық болжам бойынша, 2020 жылғы болжамды ағын 14-20 миллион текшеметр болса, биыл 27-41 миллион текшеметр болуы мүмкін. Көрсеткіш екі есеге артқанымен, Ойылға келетін судың орташа мөлшері 218 млн. текшеметр. Демек қуануға әлі ерте.

Өр суының келуіне де санаулы күндер қалды. Бірақ жағдай былтырғыдай болса ше? Қазақстан Фермерлер қауымдастығы Атырау облыстық бірлестігінің төрағасы Мұрат Сармановпен хабарласып, елдегі ахуалды сұрадық.

  • – Ықылым заманнан бергі Ойылды жайлаған елдің көздегені де өзен суының игілігін көру. Бүгінде Қызылқоға ауданы аумағындағы өзеннің 280 шақырымдық бөлігіне су келмегендіктен, осы ауылдардың тағдыры да қыл үстінде тұр, — деді ол.

Ұзақ жыл бойы мал өсіріп келе жатқан, талай тығырықтан жол, түнектен сәуле тапқан тәжірибелі шаруагер Мұрат Сарманов Атырау облысы аумағындағы жерасты суының мөлшері мен құрамын анықтайтын зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық картасын жасау, оған қоса аудандарды жалпы құны орта есеппен 27 млн. теңге тұратын арнайы скважиналық бұрғылау көліктерімен қамтамасыз ету керектігін алға тартты. Яғни ұңғымалы құдықтар қазу арқылы шаруашылықтарды сумен қамтуды қолға алу керек. М.Сарманов облыс басшылығына жолдаған бұл ұсынысына әлі жауап алмапты.

Қазақта «Суға кеткен тал қармайды» деген мәтел бар. Ал бүгінде сусыз қалған тұрғындар қолында билігі бар лауазым иелерін онлайн жағалап жүр. Әзірге үміт күдікті сейілтпей отыр. Дегенмен, келер күннен күдер үзбеген халық көтерілген мәселе хат күйінде қалмай, шешімін тапса деп тілейді.

Салтанат Ақтәжиева

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button