«Құтқарушы мырза мен ханым» анықталды
Atr.kz/18 қазан, 2019 жыл. Атаулы мерекеге орай облыс құтқарушылары алғаш рет «Мистер және Мисс құтқарушы» байқауын ұйымдастырды. Оған қалалық өрт сөндіру бөлімдері мен басқарма аппаратынан төрт жұп қатысты.
Шараны ашқан азаматтық қорғау подполковнигі Мақсұт Есполов барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. «Бұл байқау — қызметкерлердің шығармашылық қабілетін анықтап, ұжымда достық қарым-қатынасты қалыптастыра отырып өнерге деген сүйіспеншілікті оятады деп сенеміз» дейді М.Есполов.
Алдымен, өздерін әдемі таныстырған әр жұп екінші кезеңде өрт тақырыбына байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді.
Келесі кезеңде шығармашылық дарындарын көрсетіп, театрлық қойылым қойды. Жас мамандар көрермендерді өз дарындарымен таңқалдырды.
Ал, аспаздық шеберлікте құтқарушы қыздар ұлттық тағамдар мен дәмді пісірілген балық, жеміс салатын дайындап, әділқазылар алқасына дәм татқызды. Бұл уақытта ер азаматтар спорттық шеберліктерін сынға салды. Жалпы, аталған іс-шарада барлық ұжым мүшелері жақсы көңіл-күй мен жағымды әсерге бөленді.
Сонымен, әділқазылар алқасының шешімімен «Мистер және Мисс Құтқарушы» атағына Салауат Өтешов пен Марал Хабибуллина ие болды. Байқау қатысушыларына алғысхат пен естелік сыйлық табыс етілді.