Құрманғазылықтардың тілегі орындала ма?
Осы аптада облыс әкімі Серік Шәпкенов Құрманғазы ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан тұрғындарымен кездесті.
Серік Жамбылұлы кездесуде биыл облыс тұрғындарының төтеннен келген табиғи апатқа қарсы тұрып, қиындықты бірге еңсеріп келе жатқандығын атап өтті. Жыл басында өтетін кездесудің тамыз айына жоспарлануына да сол себеп болғандығын айтып, өзге де аудан тұрғындарымен кездесулер қыркүйек, қазан айларына жоспарланғандығын жеткізді.
Бұдан соң аймақ басшысы ауданда атқарылған жұмыстар мен алға қойған міндеттер туралы атап өтті.
– «Жайлы мектеп» жобасы аясында Құрманғазы және Ақкөл ауылдарынан 600 орындық жаңа мектептің құрылыстары жүргізіліп, биыл аяқталады деп күтілуде. «NCOC» компаниясы әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасы шеңберінде Кадырка ауылынан 3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы биыл наурыз айында басталды, құрылыс жұмыстары келесі жылдың мамыр айында аяқталады деп жоспарланған. Аудандағы Бөкейхан, Көптоғай, Бірлік ауылдарынан 300 орындық, Асан, Г.Алипов ауылдарынан 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталып, құрылыс жұмыстары алдағы жылы аяқталатындығы белгілі болды. Құрманғазы ауылындағы орталық стадионды қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жылдың соңында пайдалануға беріледі. Автокөлік жолдарының сапасын жақсарту, жаңа жолдармен қамту мақсатында да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Тұрғын үй, құрылыс, коммуналдық салалары бойынша ауданда инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым құрылыс жұмыстары жалғасуда, — деді облыс әкімі.
Кездесу барысында тұрғындар өзекті мәселелерді айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімі айтылған ұсыныстар мен қабылданатын шешімдерді жүзеге асыра отырып, халықтың жағдайын жақсартуда нақты қадамдар жасалатындығын айтты.
Жиыннан соң облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар мүгедектерге арналған әлеуметтік жобаны әрі қарай дамытуға қолдау көрсету, Бөкейхан ауылындағы инфрақұрылым жерінің мәселесі жөнінде, жұмысқа орналастыру, жоғары оқу орнына жеңілдік алу секілді тағы да басқа сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Облыс әкімі аудан тұрғындарының талап-тілегін сала мамандарымен бірге қарап, тиісті жауабын берді.
Алмас ҚАБДОЛОВ