Төтенше жағдайлар департаментіндегі тіл жанашыры

pgshpagshap Жаңалықтар

Atr.kz/3 мамыр, 2020 жыл. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінде қазақша еркін сөйлеп, әрі қазақ тілін айналасына насихаттап жүргендердің бірі – Виктория Вадимовна Кутузова. Ұлты орыс болса да, жаны қазақ болып кеткен ол Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараттық-талдау орталығының бас маманы болып қызмет атқарады.

Виктория Вадимовнаның он жылдан аса уақыт өңделген шұғыл ақпаратпен қамтамасыз етудегі еңбегі зор. Сол уақыттан бері тәжірибе жинақтап, осы саланың кәсіби маманы атанды.

– Біздер, өзге ұлт өкілдері, Қазақстанның кең байтақ жерінде, үлкен шаңырақтың астында берекелі өмір сүріп жатырмыз. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, алаңсыз білім алуларына қамқорлық көрсетілуде. Ұлтым орыс болса да, жүрегім қазақ деп соғады. Үйренемін деген адамға қазақ тілі әрі жеңіл, әрі оңай деп білемін. Жұмысымдағы іс-қағаздарды да көбіне мемлекеттік тілде жазамын. Өзім де осы ұжымның арқасында қазақ тілін үйреніп алдым. Жалпы, қазақ жерінің нанын жеп, суын ішіп отырған соң қазақ тілін жетік меңгеруге тиіспін деп ойлаймын. Қазақтың барлық салтдәстүрлерін білемін, – дейді Виктория бізбен әңгімесінде.

Осылайша департаментте өзге ұлт өкілдері қазақтармен біте қайнасып қызмет етуде. Виктория Вадимовна да қазір ойын қазақ тілінде еркін жеткізеді. Кезінде өзіне дархан даласындай пейілінің кеңдігін көрсете білген қазақ халқына кейіпкеріміздің құрметі ерекше.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз