Жарнама
Жаңалықтар

Құрманғазылық әнші әлемді бағындырды (+ВИДЕО)

Жас дарын Заманбек Шайхатов Дубайда итальяндық продюсер Влад Богинский ұйымдастырған «Best Song Sanremo 2025» ән байқауында жеңіске жетті, — деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ол атақты Джеймс Артурдың «Train Wreck» әнін мүлде жаңа нұсқада орындап көпшілікті сүйсінтті! Заманбек өз кезегінеде Лейла Болатбек («MaxIncubator» халықаралық өнер мектебі) бастаған ұстаздарына алғысын айтады.

«Бұл байқауға дайындалу оңай болмады. Мұнда тек вокал ғана емес, сондай-ақ, сахналық образ, шығармашылық пен шыдамдылық, төзімділік пен табандылық сынға түсті. Ән айтумен бірге сапалы би қою да үлкен дайындық пен уақытты қажет етті. Көрермендердің алдына тек ән орындап қою аздық ететін түсіндік, олардың әрқайсысына ұмытылмас әсер мен ерекше сезім сыйлағымыз келді. Шүкір, еткен еңбегіміз де, үкілеген үмітіміз де ақталды. Қалай болғанда да, бұл жеңіс үлкен қиындықпен келді» дейді кейіпкеріміз.

Бұған дейін Заманбек Македонияда өткен WAF Awards байқауына қатысып бірінші орын алған болатын. Бірақ, ол кезде жалғыз өзі барып бақ сынаған екен. Қасында қолдаушылары да, көмекшілері де болмапты. Әрине, бұл психологиялық жағынан қиындық тудыратыны айтпаса да түсінікті. Ал, бұл жолғы халықаралық байқауда оның анасы да қатысқан. Бұл оған шалқар шабыт сыйлап, жүрегіне сенім ұялатты. Ол сахнаға шыққанда залда лық толы отырған адамдардың барын да байқамаған, өзін құдды бір анасына ғана арнап ән салып жатқандай сезініпті.

Енді талантты әнші Италия, Латвия мен Польша елдеріне жаңа халықаралық байқауларға қатысуға шақырту алуда. Бұдан бөлек, ол Риганың атақты сахналарында өзінің алғашқы төл туындысын орындауды жоспарлап отыр.

«Менің өнер өлкесіне сапарым осыдан екі жыл бұрын ғана басталды. Бірақ, оған дейін домбырада ойнап, хорда ән айттым. Ол кезде болашағымды ән айтумен аса бір қатты байланыстыра қоймадым. Бір кезде Лейла Болатбек менің бойымдағы өнерді байқап, байқауға қатысуға ұсыныс жасады. Мұндай конкурстар тек өнеріңді танытып қана қоймай, сондай-ақ, жаңа адамдармен танысып, өзара тәжірибе алмасуға да мол мүмкіндіктер береді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button