Құрманғазыға Астраханнан арнайы делегация келді
Бүгін «Каспий — достық теңізі» мотошеруі аясында көршілес Ресей мемлекетінен бірқатар өкілдер Құрманғазы ауданына келді, — деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ресей Федерациясы Астрахань облысы Красноярск ауданының басшысы Руслан Бисенов бастаған мәртебелі меймандарды аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев шекарада қарсы алды.
Нұрлыбек Қалиев алдымен оларды аудандағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жұмысымен таныстырды.
Кейін аудан әкімдігі ғимаратында тараптар кездесу өткізді. Жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы көршілес елмен көпжылғы байланыстың қос тарапқа да табысты болғанын айтып, одан әрі бірлесе жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.
Кездесуде екі тарап туризм жайын, ауыл шаруашылық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Нұрлыбек Қалиев ауыл шаруашылық саласындағы аудандық маңызы бар жобаларды қолдауға дайын екенін айтты.
Айта кетейік, «Каспий — достық теңізі» мотошеруі аясында келушілер әлі де жалғасуда.