Құрманғазыдағы қызыл жалын сөндірілді
2 наурыз күні сағат 15:45-те Атырау облысы Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылынан 40 шақырым болатын Каспий теңізінің жағалауында Құрманғазы орман шаруашылығының аумағындағы сулы-батпақты жердің қамысы өртене бастаған еді. Жалпы аумағы 1000 гектарды шарпыған қызыл жалын кеше түс ауа толықтай сөндірілді.
Өрттің бір бөлігін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары сөндірсе, 780 гектар аумақтағы қамыс ылғалдың арқасында өздігінен жойылды. Жалпы, тілсіз жаудың бетін қайтаруға Құрманғазы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің 12 қызметкері, 1 Треколь техникасы, 1 мотопомпа және Құрманғазы ауданының орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мемлекеттік мекемесі күштерінен 25 адаммен қоса 3 моторлы қайық, 3 мотопомпа жұмылдырылды. Өртенген жерге кірме жолдардың жоқтығы мен жердің батпақты болуы бірқатар қиындықтар туғызғаны жасырын емес.
4 наурыз күні сағат 10:00-де 6 жеке құрам және 2 техниктен құралған «Қазавиақұтқару» АҚ-ның «МИ-8» тікұшағы барлау жұмыстары үшін көкке көтеріліп, оттың толықтай өшкеніне көз жеткізді. Экипаж құрамында болған Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта өрт толығымен жойылғандықтан жақын жатқан елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Қанат Ғұмаров