Құрманғазыда қатты қалдық сұрыптау қондырғысы орнатылуда
Құрманғазы ауданында 230 дана қоқыс контейнерлері және 150 дана бөтелкелерге арналған торлы контейнерлер алынып, қажеттілікке байланысты сұратылған ауылдық округтерге берілуде.
Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұдан бөлек, Құрманғазы ауылындағы қоқыс алаңы жанынан биылғы жылы күз айында ангар қондырғысының құрылысы аяқталған еді. Енді, міне, аталған ангар ішіне тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау қондырғысы сатып алынып, қондыру жұмыстары жүруде.
Құрманғазы ауылындағы қоқыс алаңы ауылдан 1,5 шақырым жерде орналасқан, жер көлемі 13,65 га. Жер телімі аудан әкімдігінің қаулысымен аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне берілген.
Аудан басшысы Абат Сайфоллаұлы сұрыптау қондырғысын орнатушы мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарымен танысты.
Аталған қондырғы толықтай орнатылып, қолданысқа осы жылдың желтоқсан айының аяғында тапсырылады.
Қазіргі таңда қоқыс полигонына инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымын салу үшін жобалаушы мекемемен келісімшарт жасақталып, жобалық сметалық құжаттамасы рәсімделуде.
Осы ретте, аудан тұрғындарына айта кететініміз, тазалық — әр ауладан басталады демекші, әрбір ауыл тұрғыны өз үй-жайларының айналасын жинап, жанатын тұрмыстық қалдықты мұқият өртеп, басқа қалдықтарды уақытылы арнайы күл-қоқыс төгетін орынға апарса құба-құп болар еді.