
Құрманғазыда қарымды қаламгер Рахмет Иманғалиевке арналған ескерткіш тақта ашылды
Құрманғазы ауданында танымал қаламгер, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Құрманғазы және Исатай аудандарының Құрметті азаматы Рахмет Иманғалиевке арналып, Б.Ахметқалиев көшесінің өзі тұрған үйінен ескерткіш тақта ашылды, деп хабарлайды atr.kz Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Атырау» газетінің биылғы ғасырлық тойы аясында өткізілген салтанатты шараға келген қаламгердің байырғы ұжымдастары, журналистика ардагерлері сөз алып, Р.Иманғалиевтің қаламгерлік қарымына, қадір-қасиетіне тоқталып, естеліктерімен бөлісті.

Олардың қатарында «Атырау-Ақпарат» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Нұрлан Қабылов пен «Atyraý» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Назарбек Қосшиев те бар.
— Қай өңір болса да, өз өлкесінің тұлғаларын құрметтеп, оның ұлық болмысын халқына үлгі етері хақ. Осы тұрғыда Құрманғазы мен Исатай өңірі ерекше қадір тұтар тұлғалардың бірі – Рахмет ағамыз. Журналистикада өзіндік орны бар ағамыз туған жердің тарихын зерделеп, зерттеумен де өлкеге танылған.

Тақтаны ашудағы мақсат – қаламгердің қоғам үшін жасаған еңбегін жас буынға үлгі ету, шығармашылығын насихаттау.
Рахмет ағамыздың шоқтығы биік туындылары мен құрметті есімі көптің жүрегінде сақталады,- деді аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов.
Р.Иманғалиев журналистикамен қатар, тарихшы, өлкетанушы да болған. Ол туған жердің тарихын зерделеп, жер-су аттарының қалай шыққанын іздеумен айналысқан. Облыстық «Атырау» газетінің меншікті тілшісі болып, Еділ мен Жайықтың арасын 40 жылға жуық уақыт шарлаған, отызға жуық кітаптың, драмалық шығармалардың авторы.

Бүгінде Рахмет Иманғалиевтен өрбіген 11 ұл-қызынан тараған 14 немере, 18 жиен, 45 жиеншары үлкен әулет болып отыр.