Криптовалюта: ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

btc prognoz Жаңалықтар

ЕЛІМІЗДЕ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ ЖЕТІМСІЗДІГІ ЖӨНІНДЕ АШЫҚ АЙТЫЛА БАСТАДЫ. ӘСІРЕСЕ, РЕСПУБЛИКАНЫҢ ОҢТҮСТІК ӨҢІРІНДЕ ЖАРЫҚ ЖИІ СӨНЕТІНДІ ШЫҒАРДЫ. МАМАНДАРДЫҢ ПІКІРІНШЕ, МҰНДАЙ АХУАЛДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА МАЙНИНГ ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫҢ ТУРА ӘСЕРІ БАР ЕКЕН. РАС ПА?

ҮЗДІК ҮШТІК ҮЛКЕН ҮМІТ ПЕ?

Қазақстан биткоин өндірісі бойынша әлемде үшінші орында екен. Біріншілік Қытайда десек, одан кейін АҚШ орналасқан. Біздің соңымызда Ресей мен Иран бар. Ал, осы көрсеткіш көңілді көншіте ме? Түсіп жатқан табыс қандай? Келтірілген залал нендей? Қытай өзіндегі криптовалюта қозғалысына шектеу қойып, оған қарсы шұғыл шаралар алғанға ұқсайды. Соның салдарынан мұндағы майнинг құрылғылары күрт кемігенімен, әлі де алдыңғы орынды бермей отыр. Шығыстағы көршімізден көшкендер бері бұрылған тәрізді. Ал, аспанасты елі жаңа технологияны неге жат санады? Сөйтсек, ол электр энергиясын аса көп мөлшерде тұтынатын көрінеді. Тіпті майнинг құрылғылардың оған тәуелділігі 95 пайызды құрайды. Мұндай салмақты екінің бірі көтере ала ма? Қуатты Қытайдың өзі қызметін шектегенде, басқалар қайтпек? Біздегі ахуал қандай?

 Энергетика министрлігінің мәліметінше, республикадағы 17 майнинг фермасы жылына 540 МГт электр қуатын тұтынады екен. Былтырға дейін соған төлейтін тарифі де мардымсыз болыпты. Тек өткен жылғы маусымда ғана әр киловатт электр энергиясына сағатына бір теңгеден төлеу енгізілген. Парламент сондай мәмілеге келген. Оның үстіне, майнерлерге әр тоқсанда Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне есеп тапсыру жүктелді.

Әрине, мұның бәрі жаңа бастамаға мүлдем тыйым салу емес, керісінше оның жұмысын жүйелеу болып саналады. Біріншіден, республикада жұмысын жасырын жүргізетін майнинг фермалар анықталып жатыр. Яғни, электр желісін заңсыз тұтынып, қыруар зиян келтіруде. Қарапайым халық сығырайған шамға зар болғанда, бұлар барды белшесінен басып жүр. Олар «сұр майнерлер» атанып үлгерген. Қазақ «қасқырды түсінің сұрылығы үшін емес, ісінің ұрылығы үшін ұрады» демеуші ме еді? Түк тиын төлеместен жарығымызға жармасқандар солар. Мемлекет басшысы да мұны сынға алды.

Әзірге Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында заңсыз жұмыс жасаған 34 майнер стансасы әшкереленді. Демек, осылардың оралымсыздығына тосқауыл қою қажет. Екіншіден, бюджетті толтыруға мүмкіндік бар. Әрине, әр кВт/сағатқа бір теңгеден төлеу аса көп те емес секілді. Өйткені, майнинг фермалардың табатын табысы ауыз толтырып айтарлықтай. Әсіресе, Алматыда биткоинмен сауда жасаушылар саны артқан. Кейбіреулер 500 доллар салып, оны үш-ақ айда отыз мыңға жеткізетін көрінеді. Рас па, өтірік пе? Бұл неғылған батпанқұйрық?

Міне, осындай толағай табыстан біз не ұтамыз? Мәселе осында. Мамандардың айтуынша, республикадағы 17 майнинг фермаға отыз шақты шетелдік инвестор қаржы аударған. Олардың тұтынып отырған электр энергиясына байланысты жаңа тарифпен таразылағанда, бюджетке жылына 4,4 млрд. теңге салық түседі. Бұдан бас тартуға бола ма? Экономиканың басқа салалары секілді бұған да инвестиция салуға мүмкіндік бар. Үздік үштіктен күтер үміт те сол.

КЕЛЕШЕК КРИПТОВАЛЮТАДА МА?

Жалпы, майнинг дегеніміз – ағылшыннан аударғанда қазу деген мағына береді екен. Кәдімгі көмірді немесе мұнайды қазған тәрізді. Қазақ «алтын шыққан жерді белден қаз» демей ме? Бірақ, қазақстандық экономистер бұл бағытта инвестиция салу қауіпті екенін ескертеді. Бұл әлі жете зерттелмеген сала секілді. Қаржы министрлігінің өзі криптовалютаны толыққанды таразыға тартып, содан соң сындарлы сөзін айтпақ. Әйтсе де, әлемдік криптовалюта нарығы 160 млрд. долларға көтеріліпті. Аз ба, көп пе? Тіпті, мамандардың пікірінше, ол түбінде Еуропа мен АҚШ ақшасын кейін ығыстыруы ықтимал екен. Сонда мұның нендей құдіреті бар?

Алдымен, ешбір ел биткоинді бақылай алмайды. Еш үкіметтің оның жұмысын қадағалауға мүмкіндігі жоқ. Валюталық тартымдылығы да содан. Одан әрі, криптовалютамен шұғылданатын майнерлер әлемдегі трансакцияларды тексереді. Дүниенің төрт бұрышынан хабардар болады. Үстемдік деп осыны айтпай ма? Сонда криптовалюта ақырында жолындағысын жапырып, алға шыға ма? Оның біздің елді жерсінуінен не ұтамыз?

Былтыр маусымда Қазақстанда ашылған қытайлық компанияның қуаты бір жылға 4,38 млрд. кВт/сағат электр энергиясын жұмсап, 57 млрд. теңге табыс түсіру екен. Соның 10-15 миллиарды қазақстандық мамандардың жалақысына, отандық өнімдерге жұмсалады. Яғни, жиі айтатын жергілікті мазмұн қамтылмақ. Бұл, әрине, пайда.

Майнинг қондырғылар 2,5-3 жылда тозады. Оларды жиі жаңартқаннан гөрі ә дегенде 20-25 млрд. теңге шамасында инвестиция салған жөн. Қазір тіркеуге алынған отыз шақты компания осы жолды таңдаған. Бүгінде 80 млрд. теңге тартылыпты. Аз уақытта әжептәуір ақша. Президент алдыңғы жылы бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, келесі бес жылда инвестиция көлемін 500 млрд. теңгеге жеткізуді ұсынған-ды. Рас, майнерлер тұтынатын электр энергиясы құны қымбаттауы олардың аптығын басуы да мүмкін. Өздері құп көретін өзге елге өкше көтереді. Мәселен, Өзбекстан онша қарсы болмас.

Соңғы жылдары тым-тәуір дамып келе жатқан көршіміз бағалы бастамаларды батыл пайдалануда. Басқалары да бас тартпайды. Сондықтан, Президент криптовалютаны орынсыз өзекке тепсек, өзгелер өзіне шақырып, алдымызды орап кетуі ықтималдығын еске салды. Ал, кемшін тұсы – қыруар электр энергиясын жоғалтуымыз. Криптовалюта өндірісі туралы айтқанда Президент бұл бағытты да қамтыған-ды. Оның бірнеше облыстың қажетіне тең электр қуатын тұтынып отырғанына назар аударған. Сонда жаппай жұмыс орындары ашылып жатыр ма? Шығарып жатқан өнімі де жоқ.

«Ең бастысы, елдің ресурстарын барынша пайдалана отырып, бұл кәсіпкерлер басқа юрисдикцияларда ақша табады» деп реніш білдірген Мемлекет басшысы. Сөйтіп, жан-жақты қаржылық зерттеу жүргізуді жүктеді. Қазақстан көмірсутегі шикізатына бай болғанымен, әр қуат есептеулі. Майнерлердің күрт өскен қажетін қамтамасыз ету үшін бірнеше, тіпті ондаған электр стансасын салуға тура келеді. Оған кететін шығын криптовалютадан түсетін табыстан анағұрлым артық болуы әбден мүмкін. Оларды іске қосқан соң қоршаған ортаға салынар салмақ тағы бар. Сонда тың технологияның пайдасы мен зияны қаншалықты?

P.S.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дәстүрлі дін тұтынушыларға криптовалютаны пайдалануға тыйым салды. Азия елдері де оны арам ақшаға санап отыр. Өйткені, бұл – ұлттық валюта емес, жасырын жұмыс, алдамшы әрекет. Ал, одан табыс табушылардың пайымы мүлде басқа. Әйтсе де, бір ғана жәй мәлім. Ол – электр энергиясына орасан салмақ түсетіні. Әзірге облыс мұндай жағдайдан аман, бірақ елді қамтыған нәрсе бізді де айналып өтпесі анық. Демек, соған атыраулық энергетиктер де дайын болуы шарт.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

журналист

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз