
Құрманғазыда алғаш рет заманауи балалар лагері бой көтереді
Атырау облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен Құрманғазы ауданы Жасталап ауылында балаларға арналған
300 орындық демалыс лагері салынады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жобалаушы мекеме — «Институт жилья» ЖШС. Қазір арнайы жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Құжаттар дайын болған соң мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстары басталмақ.
-Жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін бұл нысан балаларға арналған демалыс пен шығармашылық орталыққа айналмақ. Атап айтқанда, лагерьде демалыс, білім беру, дене шынықтыру және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым қарастырылған, — деді Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлхат Хамза.

Ғимарат тұрғын жайлар, әкімшілік бөлімше, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, бассейн, амфитеатр, медициналық пункт, техникалық және шаруашылық нысандарымен қамтылады.
Сала мамандарының айтуынша, құрылыс барысында заманауи жобалау тәсілдері қолданылып, нысандар жергілікті климаттық ерекшеліктерге бейімделіп салынады.