Құрманғазы ауданының ауылдарына жарық берілді
Қазіргі уақытта Құрманғазы, Байда, Орлы, Шортанбай, Дыңғызыл, Қиғаш, Сүйіндік, Асан, Азғыр, Нұржау, Жаңаталап, Теңіз, Кудряшов, Еңбекші, Мақаш, Сафон, Ақкөл округтеріне ток көзі берілді.
«Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде Құрманғазы ауданы орталығындағы әр мөлтек аудандарға кезең-кезеңмен электр энергиясын беру мүмкін болды. Күні бүгін Құрманғазы, Байда, Орлы, Шортанбай, Дыңғызыл, Қиғаш, Сүйіндік, Асан, Азғыр, Нұржау, Жаңаталап, Теңіз, Кудряшов, Еңбекші, Мақаш, Сафон, Ақкөл округтеріне ток көзі берілді. Қазіргі уақытта Көптоғай округіне 1 бригада, 6 адам, 4 техника, Бірлік ауылдық округіне 3 бригада, 14 адам, 3 техника жұмылдырылды. Кейбір елді мекендерде электр қуаты және байланыс желілерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. «Қазақтелеком» АҚ-ның 27 станциясының 20-да байланыс орнатылды» делінген Құрманғазы ауданы әкімдігі таратқан мәліметте.
Қазіргі таңда Құрманғазы ауданында электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарына «Атырау — Жарық» АҚ–ның 8 бригадасы (56 адам, 20 техника) және «Қазақстан Теміржолы» компаниясының электрмен қамту бөлімінің 1 бригадасы (15 адам, 6 техника) жұмылдырылып отыр.
Еске сала кетелік, жауынның соңы қар аралас бұрқасынға ұласуы салдарынан Құрманғазы ауданында электр желілері үзіліп, бағаналар құлады. 5 наурыз күні сағат 04-00 шамасында ауданның барлық округтері дерлік жарықсыз, жылусыз және байланыссыз қалды. Аудан бойынша 10890 абонент ток көзінен ажыратылды.
Табиғи апаттың салдарынан электр желілерінің 22 метрлік 35 кВТ-1 дана, 22 метрлік 10 КВТ 6 дана, 11 метрлік 10кВТ- 400 данаға жуық электр бағандары құлап, ток көзі мен байланыс желілері істен шықты. Медицина мекемелері мен өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандар уақытша дизель генераторларының көмегімен жұмыс істеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ