Атырауда құрбандық онлайн шалынады

whatsapp image 2021 07 16 at 19.28.08 1 Жаңалықтар

Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен жедел штабтың кеңесінде айтылды.

-Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі  20, 21, 22 шілде күндеріне сәйкес келеді. Былтырғыдай эпидемиологиялық ахуалға байланысты құрбандық шалу қашықтан жүзеге асырылмақ. Бұл – індет өршіп тұрған жағдайда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы оңтайлы жол болып саналады, – деген облыс әкімінің орынбасары қазіргі күрделі эпидемиологиялық жағдайға баса назар аударды.


«Иманғали» мешітінің Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мал базарларының жедел штабпен тексерілгенін, әзірге санитарлық талапқа сай 2 мал сою орны белгіленгенін айтты.

Олар – «Атырау-Астрахан» тасжолының бойындағы «Асыл Агро» және «Жерұйық» ықшам ауданындағы «Тума» мал базары. Ал, тұрғындар малды Атырау-Доссор-Индер тасжолы мен  Атырау-Дамбы-Алғабас тасжолының бойындағы арнайы белгіленген сауда орнынан сатып алады. Мұндай санитарлық талапқа сай мал сою пункттері аудандарда да қарастырылған.

Облыста 15 шілдеден бастап іске қосылған  Qurban2021.kz сайты арқылы құрбан шалуға ниет еткен азаматтар тапсырыс бере алады. Ал мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап сайт арқылы өтініш білдіреді. Сонымен бірге, онлайн құрбандыққа шалынатын малдың бағасы белгіленді. Атап айтқанда, қой – 70 мың теңге, сиыр – 450 мың теңге, түйе – 750 мың теңгеге бағаланып отыр.
Кеңесті қорытындылаған Бақытгүл Қайыржанқызы қала әкімі мен басқармаларға, аудандардың әкімдеріне, ветеринарлық және тиісті қызметтерге Құрбан айт мерекесі кезінде инфекцияның алдын алу және карантиндік шектеулердің сақталуына бақылауды күшейту жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Айта кетейік, биыл Айт намазы 20 шілде күні таңғы сағат 07.00-де мешіт ауласында санитарлық талаптарды сақтап оқылатын болады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз