Құрманғазы ауданының Көнеу ауылында ет өнімдері шығарыла бастады
Құрманғазы ауданының Еңбекші ауылдық округіне қарасты Көнеу елді мекенінен өткен жылы мал сою нысаны бой көтерген болатын. Енді мал етін дайындап, өңдейтін қызмет іске қосылды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жеке кәсіпкер ашқан «Дайнов У» атты әлеуметтік кешенде тұрғындар үшін қажетті малды союдан бастап барлық жұмыс атқарылады. Кешеннің ішінде мал сою қондырғысы, зертхана, 200 кубтық мұздатқыш камерасы, мал етінен өнім дайындайтын арнайы орын бар. Мұндағы ет өнімдерін дайындау процессі халықаралық «халал» стандартына негізделген.
– Тәулігіне 4-5 ірі қара мал қабылдаймыз. Мал сойылып, мұздатқыш камераларына орналастырылады. Бұл жерде екі түрлі тапсырыс бар. Біріншіден, жеке адамдар аяқтай алған малын осы жерден сойғызып, бөлшектетіп дайындап әкете алады. Сонымен қатар, орталық азық-түлік базарында арнайы ашылған «Халал ет өнімдері» дүкеніне дайындап тұтынушыларға жібереміз. Мұнда тұшпара, фарш, қуырдақ, манты, шұжық сияқты өнімдер шығарылады. Және ол тұрғындардың жоғары сұранысына ие. Атқарылатын жұмыстардың барлығы санитарлық-ветеринарлық талаптарға сай. Оған қоса ауданнан келетін саудагерлер егер малдарын сойғызатын болса барлық мүмкіндік қарастырылған, — деді мал сою кешенінің директоры Алтынбек Дайынов.
Оның айтуынша, шаруашылық мақсатында алынған 60 гектар жердің қазіргі таңда 0,2 гектар жеріне мал сою кешені орналасса, келешекте қалған жерге ат жемдеу орны және мал базарын салу жоспарлануда.
Айта кетейік, аталған кешенде қазіргі кезде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.