ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫНДА ЖАРЫҚ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУДЕ
Құрманғазы ауданында жарықты қайта қалпына келтіру бойынша «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы қосымша тағы 17 жұмысшы мен 11 техниканы жұмылдырды.
Бұл туралы аталған аудан әкімдігіндегі мамандар мәлім етті. Нақтырақ айтқанда, ауа райының нашарлауына байланысты кеше, яғни, 5 наурызда сағат 03.10 шамасында секундына 23 метр жылдамдықпен соққан жел екпінінен аудандағы 52907 абонент жарықсыз қалған еді. Дереу «Атырау-Жарық» мекемесінен 10 бригада, 42 жұмысшы 12 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, бүгін сағат 11.30-да Орлы, Шортанбай және Құрманғазы кенттері электр энергиясына қосылды.
Ал, 18.00-де жарықсыз қалған Теңіз, Бірлік, Сафон, Кудряшов, Көптоғай, Еңбекші, Мақаш, Ақкөл, Қиғаш және Жыланды ауылдарына қосымша тағы 17 жұмысшы мен 11 техника жөнелтілді.
Облыстық төтенше жағдай департаментінің қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, қазір қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Соңғы мәлімет бойынша Құрманғазы, Байда, Орлы, Сүйіндік, Балқұдық, Азғыр, Нұржау және Хиуаз ауылдарына жарық берілді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ