Құрманғазы ауданына қарасты Еңбекші ауылында емхана салынады
Atr.kz/3 ақпан, 2020 жыл. Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов мәлімдеді.
Осыдан отыз жыл бұрын салынып, 2004 жылдан бастап аудандық орталық аурухананың теңгеріміндегі бұл емхана ғимараты стандартқа сай келмейді.
Он бес жылдан күрделі жөндеу көрмеген емханада кәріз жүйесі тағы жоқ, тұрғындарға дәрігерлік қызмет көрсетуге іші тар.
«Мұндағы бір дәрігер мен бес орта буын медицина қызметкері төрт елді-мекен халқының денсаулығын қадағалайды.
Үш мыңнан астам тұрғыны бар бұл ауылға 25 орындық емхана салу жоспарланып отыр» деді спикер Атырау облысы әкімінің Құрманғазы ауданына сапарында.
Облыс әкімі ғимаратты аралап шығып, жаңа емхана құрылысын жеке кәсіпкер арқылы жүзеге асыруға қатысты ұсынысқа өз пікірін білдірді.
– Бұл біз үшін тиімді емес. Кәсіпкерлер оған 12 млрд. теңге қаражат жұмсаса, бюджеттен 25 млрд. теңге қылып қайтарып алады. Емхананың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, құрылысын өзіміз салғанымыз әлдеқайда тиімді. Сонда құны арзанға шығады, — деді Махамбет Жолдасқалиұлы.
Бақытжан ЖҰМАТ