Құрбандыққа қандай мал сойылады?
Құрбан айт мерекесі қарсаңында мониторингтік топ мүшелері қаладағы мал базарларын аралап, мал сою пункттеріндегі санитарлық ережелердің сақталуын тексерді. Олар алдымен «Асыл-Агро» мал базарына барып, ондағы жағдаймен танысты.
Мал базарының директоры Нұфтолла Құлбасов мал сою барысында су көп жұмсалатындықтан ассенизатор көліктердің жетіспейтінін айтты.
– Қазірдің өзінде қоқыс төгетін көлік жетіспейді. Ол әсіресе, Құрбан айт мерекесі кезінде өте қажет. Бүгінгі таңда пункттің ішін тазалап, дезинфекциялап жатырмыз. Айттан бұрын да тазалық жұмыстарын жүргізуді көздеп отырмыз, — деді Н.Құлбасов.
Мониторингтік топтың мүшесі, Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мал сою орындарына мешіттің кезекші имамдары бекітілетінін айтты.
– Жыл сайын Құрбан айт мерекесінің қарсаңында мал сою пункттеріне барып, малдың бағасын біліп, Құрбан айттың шарттарымен таныстырамыз. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малы сойылады. Жасыратыны жоқ, шариғат тұрғысынан кейбір дүниелерді білмей жататын да адамдар бар. Құрбандыққа шалынатын қойдың жасы кем дегенде 6 айдан асқан, ірі болуы талап етіледі. Сондай-ақ, құлағының үштен бірі кесілмеген болуы керек. Ал, сәл тесілген, ұшын ғана кесіп, тескен болса жарай береді. Егер мүйізінің екеуі немесе біреуі жоқ болса құрбандыққа жарамайды. Бір көзі соқыр болса, сойылатын жерге жете алмайтындай дәрежеде әлсіз болса құрбандық ретінде сойылмайды. Сиырбұқаның жасы екі жастан асқан болуы керек. Ал, екі жасқа толмаған сиыр мен бес жасқа толмаған түйені сатуға болмайды. Сондықтан халыққа осының барлығын түсіндіріп айту қажет. Құрбандық шалу – мүмкіндігі жеткен адамға міндет болып саналады. Осындай сауабын аламын деп ниеттеніп келген адамға сатушылар да оң қабақ танытып, жөн сілтеп айтқандары абзал. Қай малдың жарамдыжарамсыз екендігін де айтып отырсаңыздар жақсы болады. Құрбандықтың шарттарын сатушылар да білсе екен. Қасапшылар да шариғат талаптарын орындауы міндеттеледі. Егер мал базарлары талапқа сай болмаса, мониторингтік топ оның сол күнгі жұмысын тоқтата алады. Тұрғындар айт кезінде малдың бағасы шарықтап кететініне шағымданып жатады. Сондықтан оның құнын көтермей, басқа да халықтың құрбандық шалуына жағдай жасау қажет, — деді бас имам.
Бүгінде «Асыл Агро» мал базарында 30- ға жуық қасапшы болса, оның 20 шақтысы қой сояды, қалғаны ірі-қара союға бекітілген. Мал базары өкілдерінің сөзінше, қой союдың бағасы 2 мың теңге. Егер бас-сирағын үйітіп, бұтарлап берген жағдайда оның қызметі 4 мың теңгеге шығады. Күніне шамамен 500-600 қой сойылады деп күтіліп отыр.
– Маусымның 28-і күні Құрбан айт намазынан соң құрбандық шалынады. Жылда да осы жұмыстарды атқарып келеміз, дайындығымыз жақсы. Сиыр, қой бөлек сойылады. Қазіргі таңда базарда 1000 бастай қой, 200 бастай ірі қара бар, — деді базар басшысы.
Алмас ҚАБДОЛОВ