Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкологияЭкономикаҚоғам

Құм құрсауында қалған Нарында – бір тамшы су тапшы…

Ресей жерінен бастау алатын өзендердің суы облыс аумағына тым аз мөлшерде келіп жүргені жанға батады. Жайық өзенінің тайыздап бара жатқаны, басқа да осыған сабақтас жайттарды бір кезде талдап жазған журналистер мен мамандар да болды. Оған құлақ асқан ешкім болған жоқ. «Сағадағы су ішсе, аяқтағы у ішер» деген сол болар, сірә. Ана бір жылы Нарын құмының қазіргі қасіретін жазушы Латифолла Қапашев екеуміз аралап шыққанда көріп едім. Жыл өткен сайын мәселе ушығып, ахуал қиындап бара жатыр.

Заманында құмды орай ағып жатқан Еділ мен Жайық арасының суы мол, тіпті, өткен ғасырдың орта тұсына дейін құйқалы да шұрайлы жер болғаны рас. Нарын құмды иен жайлаған Құрманғазы (Теңіз), Исатай (Новобогат), Дендер, Махамбет (Бақсай), Орда, Жаңақала, Ақжайық (Тайпақ) аудандарының төрт түлігі төскейде еркін жайылып, құдық шағылдар бір-біріне жанай жалғасып, қоныстанған халықтың тығыздығы өз алдына 30-35 түтін бір колхоз болып отыратын. Сол жылдары Нарындағы суы тайыз әрбір шағыл төбені «құдық шағыл» деп атайтын. Олардың құбыла беті жайдақ, құдық қазатын ойпат еді. Арқа беті тіктеу қарабұдыр, тіке жарлардың таусылысы жар етекке қаудан, қияқ өсетін де, жалғасқан жазықтыққа – изен, қырықбуын, сарыбас шөп, шалфей, шағыр, қоңырлық жерлерде – бидайық, жусанның бірнеше түрі, майысқан ебелек, жауыннан кейін шығатын сіңбірік, басқа да шөптер теңіз толқынындай шайқалып тұратын.

Алақұмның ішінде қамысты алқаптар да жайқалып тұрғанын көрдік. Құдық шағылдың оңтүстік құбыла беті аласарып, суырма жел су шығатын тебіндіктің бос топырағын суырып иіріп, тебіндіктің (құдық қазатын жер) ызасына дейін үрлеп, қарсы беттерін биік шағыл төбелер құрайтын. Жел қай жақтан үрлеп соқса да, төбелер өз биіктігі мен көлемін ешқашан жоғалтпаушы еді. Ызасы шығып жатқан жерден күрекпен шұқып қазып, алақанға салып, сығып қарап, қолына жұққан ылғал топыраққа тілін тигізіп, дәмін татқан үлкендердің «суы тұщы, ызасы мол екен, су көзі тау-сылмайтын жер болса керек, осы жерден құдық қазыңдар» деген нұсқауын талай естігенбіз.

Айтқандай, көрсеткен жерден тереңдігі төрт күрек бойы су шығатын. Тереңдік өлшемі «күрек бойы» (күректің қазып алғандағы, күректің басының темірі бойлайтын топырағының биіктігі), яғни 80-100 см-ден аспайтын, шегенделмеген тайыз құдықтар ашық тұрады, оларды «ақшелек құдық» деп атайтын. Әдейі тереңдеу жерден құдық қазып, жағдайы жеткендер қарағай тақтаймен шегендеп, былайғы жұрт тал, жыңғыл, дүзгінмен шегендеп, аузын бүрмелеп шығарып, қақпақтап жауып ұстайды. Үлкендігі үш-төрт метрдей сол құдықтардың суын қанша мал мейірі қанып ішсе де таусылмай, қыста жылы, жазда салқын қалпын бұзған жоқ. Ақшелек құдықтың суы жазда жылып кетеді де, суарған малдың шөлі қанбай төңіректей беруші еді, қыста беті мұз болып қатып, су ішкен малдың қалтырап тұрғанын талай көрдік.

Үлкен кісілер «малды ашық құдықтан суармаңдар, шарбы майы ыдырап, арықтап кетеді, буаз мал іш тастайды» деп, өмірден алған тәжірибелерін айтып отыратын. Табиғатта жердің асты мен үстіндегі жаратылыс бір-бірімен сабақтас. Егер өзен-көлдің суы тартылса, жерасты су көзі де тереңдеп, ашып кететіні ғылымда дәлелденген. Бір жолы әлдебір себеппен белгілі геолог Мақаш Рахметовке жолықтым. Сонда ол кісі: – Теңіздің тасу, қайту құбылыстары болатыны белгілі. Ол құбылыстар желдің бағытына қарай, ал мұнайдың жерасты деңгейінің көтеріліп-түсуі теңіз деңгейіне байланысты. Ол – заңды құбылыс.

Жалпы жерасты сулары да, ондағы кен көздері де бір-бірімен байланысып жатады. Сонау Орал, Мұғалжар тауларынан бастап, Каспий теңізінің астына дейін жер қыртысының өзгеруі тығыз байланыста болады, — деген болатын. Қазір Қиғаш, Сарыөзен, Қараөзен, Жайық өзендеріне судың келу мөлшері азайып кеткендіктен, табиғи жерасты тұщы су көзі азайып, жер бетіндегі ылғал шөп тамырына жетпей, құдықтар тереңдеп кетті. Соның кесірі өлкеге қуаңшылық әкеліп отыр. Нарынның ішкі бетінде бұрын бір құдықтан мыңға тарта қой, үйірлі жылқы, бір табын сиыр қатар тұрып су ішсе де, су кемері лезде-ақ толып отырушы еді. Құм ортасында бір кездері бекініс болған Үштаған атаулы жер бар. Көнекөз қариялардан естуімше, сонда қарағайлап бұрыспен, таспен өрген құдықтардан шыны саздан күйдіріп жасаған жалғамалы тұрбалар арқылы желі тартылып, суды үйге (казармалар) дейін жеткізген, орнында ізі бар екен.

Бірақ, осы құрылысты Нарыннан көшкен жеті жұрттың қайсысы салғаны беймәлім. Новобогат, Махамбет аудандарына аты мәлім азамат, шаруашылықтың білгірі Есқали Есенғалиев кезінде Нарынның адам аярлық келбетін әңгімелеп еді. Содан есімде қалғанын айтсам, біраз түйткілдің бетін ашуға болады. Бір кезде құмды қуалап, сай-саласын кемеріне толтырып аққан 11 өзен мен өзекше шағылды кеулеп, астын да суға толтырып тұратын. Шығыс беттегі Жалтыр көлі шалқып-тасып, су тасыған кезде батыс беті Көктөбе арқылы «Көшерқараның» үстімен құмға жетсе, қазіргі Жанбай тұсынан Каспийдің тұщы суы белдерді айнала өтіп, Нарын бекеті тұсынан жайылмаға шыққан екен. Тасқын су қазіргі Сазанқұрақ кеніші маңына жетіп, Тайман моласының маңына құйыпты.

Ал, бұрынғы Амангелді атындағы ұжымшарға қарасты Көкарна жырасы арқылы №12 теміржол бекетінің қасынан да теңіздің жағалаудағы тұщы суы құмға сіңіп отырған. Теңіз ауданы аумағында тасыған су да құмдауыт жерлер арқылы Еділдің сағасын қуалай құмды шайып келіп теңізге құйылса, Каспий тасығанда қазіргі Ганюшкино станциясының маңына, тіпті Нарын құмына жетіп отырған. Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы бастауын Сарытаудан алатын Қараөзен мен Сарыөзен Нарындағы Жаңқала (Новая казанка), енді бірі Мәстексай ауылы Қазарма-Бақай арқылы Нарын іргесіндегі Қамыс-Самарға құйып, құм өресіндегі 11-ші, 12-ші ауылдарына, одан әрі арқа бетке сұғынып барып, Жиделі жеріне дейін жеткен. Сөйтіп, қазіргі Жаңақала селосының (БҚО) тұсындағы айдын көлге құйыпты. Жайықтан бөлінген өзендер суы бұрынғы «Жаңаталап» кеңшарының жерін жарып өтіп, Қалмырза жайлауына, Нарын құмының арқа шығысына да құйған.

Құмның терістік-шығысындағы Жайықты жанап жарыса аққан Бағырлай Индер ауданындағы Елтай ауылы тұсынан Қостанға жетіп, Нарынға сіңіп отырғанын ел біледі. Жайық тасыған кезде, Жаманқаланың батысындағы шығыстан батысқа созылып жатқан терең сайлар арқылы Сыралы жеріне де су жеткен. Жайық суының мол кезінде жайылмаға шығып, балық қырылмауы үшін негізгі су арнасынан шығатын жол бекітіліп, табиғи судың жүйелі ағысы реттелді. Табиғи су ағысы бұрын Хамит Ерғалиев ауылының батыс бетінен арқа жонына дейін Жалтыр көлінің сайы жетіп, батыс беті Аққыстау селосының солтүстік-батысына дейін Шыныбек, Қаратүбек өзекшелері арқылы Тасгранға жетіп, Моңғолсай арқылы теңізге жалғасып жатқан.

Ең өкініштісі сол, Жайықтан бөлініп, Жалтыр көліне құятын өзенге қиянат жасалды. Көлдің қақ ортасынан биіктігі 9-10 метрдей топырақ үйіп, қазылған Нарын каналы арқылы Жалтырға бір тамшы су берместен, әрі қарай Қаратүбек өзекшесіне қосылған. Ал, теңізге жалғас жатқан Есіркеп пен Ауқайраңның құяр жерін бекітіп, каналды Жанбай арқылы Манаш, қазіргі Забурын ауылына қарай бұрғызды. Хандық құрып көшіп келген Бөкей сұлтан Жалтыр жағалауын ұнатып, Бүгіл алқабының нулы жері, майысқан тал-терегі ұйысқан, шөбі құнарлы, жайылысы мол жерін, көлінде тайдай тулаған балығын, шулаған құсы мен жотасында жөңкіп жүрген ақбөкенін көріп, ел ырыздығы деп қызығып тоқтаған ғой. Осы жерде отырғанда, шешесі қайтыс болған Бөкей сәл ілгері көшіп, ордасын Астраханға шектес Кіші арал деген жерге қондырған екен.

Мүмкін, мұнысы өзінің иелігіне берілген аумақты барынша кеңейтіп ұстап, патша ағзамның билеушілерін Нарынға қарай сұғына қоныстандырмау үшін жасаған ісәрекеті де болса керек. Бұдан бірер жыл бұрын «Көкжалдар айқасы» атты кітабымды жазу үстінде құм өресін біраз аралағаным бар. Көптеген малбегілермен кездесіп пікірлескенде түйгенім, Нарын өлкесінің бұлайша құлазып, қаңырап қалуының себебі – жердің азып, көптеген шалғынды шөптерінің жойылып кетуінен. «Жұт жеті ағайынды» демекші, былтыр көктеменің шағында қияқ, шағыр, шалфей, сағызсабақ, сарбас жоңышқа, қысы-жазы малға азық болар кәдімгі жусанның да түбі көктеген жоқ. Ашаршылықта халықты асыраған құмаршықтың құм ішінен бір түбін де көрмедім.

Ал, «дәні төгіліп тұратын қияқ та биыл шықпай қалды» дейді қазір мал шаруашылығын дөңгелентіп отырған кәсіпқой аңшы Тастай Бозшиев. Қазақтың «жусансыз жерді от деме, көжесіз үйді тоқ деме» деген қанатты сөзі ойыма оралып, малы жайылысқа мұқтаж, халқы ағарғаны азайып, көжеге мұқтаж халқын, елсіз жатқан өңірін көргенде, «айналайын туған өлкем, сенің де бағың ашылар күн туар, қойнауың жан мен малға толып, масаттанып жатар күнің де келер» деп көңілім құлазыды. Бағырлай, Сарыөзен, Қараөзен, басқа да су арналары Нарынға жетпей жолда суалып кеуіп жатыр. Соның кесірінен жерасты суы тереңдеп, нулы шөбі норланған изен, шағыр, жусанды алқаптар жойылды, сұлбасы майысқан қияғы малға азық, сұлысы адамға азық, қаудан түгілі түп-түп болып өсетін қияқты да кездестіріп жарымайсың. Талай ашаршылықта Нарын халықты қияқтың сұлбасы, құнарлы құмаршығымен асырап, аман алып қалған. Құдықшағылды жағалай көмкеріліп шығатын құмаршық шықпағалы қашан?!

Халқына отын, малына ықтасын болған, жыңғыл мен дүзгін де норлаған. Осы өңірді шарлаған саяхатшылар мен қазыналы қарттарымыз ана бір замандарда «Нарын жер жәннаты екен, шөп басын шортан шалатындай, шөбің құйқалы, тебінсең су шығатын жер, суың тайыз, ырыс-бағың өзіңде екен» деп баға берген екен. Қайран жұрт бұл күнде жетімсіреген күй кешіп тұр. Қазір Нарында судың көзі жылдан-жылға қашып, суы алғау тартып, адам ішпек түгіл, мал суаруға да келмей барады. 1990 жылы күздігүні Махамбет ауданынан бұрынғы Новобогат ауданы бөлініп шығатын болды.

Орталығы Аққыстау болып белгіленген Исатай ауданының құрылуына байланыс-ты, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру конференциясы болды. Сол жиында Маңғыстау облыстық су шаруашылығының басқарушысы болып істейтін Забурынның тумасы, жерлесіміз Қабиболла Есболов конференцияға делегат болып қатысып, пленум мүшелігіне ұсынылды. Мінбеге шығып сөйлеген ол өмір жолын баяндай келіп, Москвадағы жоғары оқу орнынан мелиорациялық мамандық алғанын айтты. – Егер мені пленум мүшелігіне сайлап, лауазымды жұмыстарды атқаруға сенім артсаңыздар, екі өзен ортасын суға кенелтіп, эрозияға ұшыраған жерді қалпына келтірер едім. Олай дейтінім, менімен қатар осы оқуды бітіргендер Одақ көлеміндегі жұмыстарда министрден бастап, Ресейдің көршілес облыстарының су шаруашылықтарын басқарады. Яғни, жолдастарым маған қол ұшын беретіні сөзсіз.

Ең бірінші мәселе – Еділ өзенінен Нарын құмына канал тарту. Оны Забурын ауылының тұсына дейін каналмен жеткізіп, одан әрі теңіздің тұщы суымен бірге қуатты насоспен құмға терең бойлай айдаса, жер асты суының деңгейі көтеріледі. Сөйтіп, қуаңшылық жылдары да Нарынның шөбі жайқалып өседі. Сарыөзен мен Қараөзеннің жоғарғы бастауын Еділ су жүйесіне жалғастыру үшін жұмыстанамын. Екі аудан көлеміндегі бекітілген су арналарын қайта ашып, өр суын көктемде табиғи екпінімен Нарын құмына дейін жеткізу үшін бар білімім мен күш-жігерімді жұмсаймын, — деген еді сонда Қабекең. Сол жиында ағамыздың кандидатурасы пленум мүшелігіне өткенмен, аупарткомның бюро мүшелігіне сайланбай қалды. Жұрт алдында берген уәдесін жүзеге асыруға жоғарыдан қолдау болмады ма, әлде қаражат тапшы болды ма, әйтеуір орындалған жоқ…

Енді «сол кезде мәселе дұрыс шешілсе, не болар еді?!» деген оймен ғана шектелуге тура келеді. Бұл кім-кімді де бейжай қалдырмайтын мәселе. Айтылған түйіндерді шешуге екі ел басшылығы тізе қосып кіріссе, шөлдеген Нарын ғана емес, Қазақстанның батыс өлкесіндегі елдің ажар-көркі әрленіп, құт-берекесі артары хақ.

Мұрат БЕКТЕНОВ,

Исатай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Исатай ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button