Құлсарыны қоқыстан тазалау жұмыстары жүргізілуде
Бүгінде Құлсары қаласында су тасқынынан кейін су басқан аумақтарды қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қаланы қалпына келтіру жұмыстары «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілік қолдауымен 29 қазанда басталған болатын. Бұл жұмыс 2 аптаға жалғасады. Құлсары қаласына арнайы барып, аталған жұмыс барысын көріп қайттық.
-Қалада су тасқыны салдарынан туындаған мәселелерді жою бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Көптеген тұрғын бөлінген қаражатқа жаңа үйлерін жөндеу мен құрылыс жұмыстарын жалғастыруда. Коммуналдық қызметтер сәуір айына бастап, қазанға дейін 100 мың тоннаға жуық қалдықты шығарды. Сонымен қатар, әкімдік қаланың көшелерін тазалауға бастамашы бола отырып, ТШО-ның демеушілік көмегіне жүгіндік. ТШО компаниясы бұл бастаманы қолдағанына ризамыз,-деді Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адинов.
Екі ай бойы ауданға 550 мың литрден астам жанар-жағармай тегін берілді. Қалаға үлкен көлемде су келген түні компанияның автобустарымен ауданның 7000-нан астам тұрғыны Теңіз кен орнындағы мердігер компаниялардың вахталық кенттеріне эвакуацияланып, маусым айына дейін сол жерде тұрып, үйлеріне аман-есен оралды.
-Жылыой ауданының әкімдігіне қала көшелерін тазалауда қолдан келгенше көмек көрсетуге әзірміз. Жиналып қалған қоқысты жинауға 4 жүк тиегіш пен 10 самосвал бөлініп, мердігер ұйымның 10 қызметкері тартылған болатын. Сонымен қатар, біздің көптеген бизнес-серіктестеріміз су тасқынынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсетуге белсенді қатысты. Су басқан Құлсары қаласының 18 көшесін тазалап, сол жерден 3000 тоннаға жуық қоқыс шығару жоспарланып отыр,- дейді Теңізшевройл компаниясының Жылыой ауданындағы өкілі Нұрлан Ерғалиев.
Айта кету керек, Құлсары қаласының аумағындағы тазалықты «Жылыой Тазалық» кәсіпорны қамтамасыз етеді. Аудан орталығының көшелерін тазалауға күн сайын 100-ге жуық қызметкер мен арнайы техника жіберіліп, жұмысшыларға тамақ ұйымдастырылуда.
Тоғжан ЕРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген автор