Құлсарылықтарға арнайы көмек жеткізілді
Халықаралық отбасы күніне орай су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласындағы тұрғындарға арнайы гуманитарлық көмек әкелінді. Бастамаға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мұрындық болды.
Жиырма тонналық «Біздің күшіміз бірлікте!» қайырымдылық көмегі Алматы қалалық комиссиясы мен Алматы облысы жастар саясаты басқармасының қолдауымен жинақталып, Атырау қаласындағы гуманитарлық штабқа жеткізілді.
– Атырау облысындағы жағдайды барлығы жанашырлықпен бақылап отыр. Осы қиын сәтте күш-жігерді біріктіру және мұқтаж адамдарға көмектесу керек. Халықаралық Отбасы күніне орай ұйымдастырылған шара өзара көмек пен қолдаудың нәтижесі деп білеміз. Гуманитарлық көмек бірінші кезекте қажетті заттармен, яғни төсек-орын жабдықтарынан, азық-түліктен, медициналық препараттар мен жаңа киімдерден жинақталған. Осы орайда Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелеріне зор алғысымызды білдіреміз, — деді Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспекторы Зәмзагүл Жалмурзина.
Атырау қаласына жеткізілген гуманитарлық көмекті облыстық әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшелері мен әскерилер қабылдап, сұрыптап алуда. Мұнда су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін ең қажетті болып табылатын заттар қабылданды. Атап айтқанда, матрацтар, төсек-орын жиынтығы, жастық, жамылғы көрпелер, сүлгілер, гигиеналық заттар, азық-түлік, жаңа киім-кешек, шаруашылық тауарлары, құрылысқа қажетті заттар сынды тағы да басқа тұрмысқа қажетті жабдықтар бар. Осы келген көмек рет-ретімен Құлсары қаласына жолданады.
Малика ТӘКЕЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ