Халық тұтынатын үздік тауар

image 12 12 18 04 53 Жаңалықтар

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тоқыма өнімдерін шығаратын «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме – байқауында жеңімпаз болып танылды. Елорда төрінде өткен салтанатты шарада озық технологиямен өңделетін кәсіпорын өнімі  «Халық тұтынатын үздік тауар» номинациясын иеленді.

image-12-12-18-04-53

Елбасы 2015 жылдың желтоқсанында «Қазақстандағы жаңа индустрияландыру» тақырыбымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында мұнайлы өлкедегі «Caspiy Lana Atyrau» түйе және қой жүнін өңдеу және тоқыма фабрикасының тұсауын кескен еді. Содан бері аталған фабриканың өніміне сұраныс артты.

Фабрикада жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүні алғашқы өңдеуден өткізіледі. Яғни, тазаланып, жуылған жүнді буу мен тарау жұмыстары атқарылады. Мұнда жеңіл өнеркәсіпке қажетті басты шикізат – мал жүнін өңдеумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге, 400 000 метр көрпе мен жамылғы шығару ісі де өркен жайғалы отырған тың идеяны жүзеге асыруға 2, 4 млрд.  теңге қаражат жұмсалған. Фабриканың құрылыс-монтаж жұмыстарына жергілікті жерде шығарылған материалдар кеңінен пайдаланылды. Жүн жуу цехына қажетті құрал-жабдықтар мен қондырғыларды әкелу үшін қытайлық «QingdaoYuanQuanMachineryCO» компаниясымен, тоқыма цехы үшін жаңа технологияны жеткізуге италиялық VICOTEXSRL компаниясымен келісім шарт жасалған. Ал, кеңесші ретінде жеңіл өнеркәсібі қарқынды дамыған шетелдердің білікті мамандары тартылған.

Кәсіпорын директоры Назгүл Есмақанованың айтуынша, 2016 жылдан бүгінге дейін тоқыма фабрикасында 31,658 тонна жіп иірілген. Ал, 18 мың тоннадан астам осындай жіптен 24 391 метр мата дайындалып, одан 4 591 дана дайын өнім, яғни жамылғы шығарылыпты.

Отандық кәсіпорын тоқылған түрлі өлшемдегі жамылғылар мен төсемдерді халықаралық деңгейдегі көрме-жәрмеңкелерге шығарып, ұйымдастырушылар тарапынан лайықты бағасын алып жүр. Республикамыздың бірнеше облысында өндіріске қажетті негізгі шикізат – жүнді жинау, қайта өңдеу және дайындау нысандары іске қосылды.

Қаламыздағы ірі сауда орталықтарының бірінде «Caspiy Lana Atyrau» серіктестігінің өнімдері сатылатын арнайы павильон ашылды. Ең бастысы, мұндағы отандық өнім бағасы көңілге қонымды деуге болады. Жергілікті өнім ТМД мен Еуропа елдеріне экспортталады. Сондай-ақ, Италия, Шотландия, Беларусь, Ресей мемлекеттеріне де тұтынушылар сұранысына сай жіберіліп отыр. Мұның өзі жалпы өнімнің 30 пайызын құрайды  деп күтілуде.

Айбөпе Сабырова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз