
Құлсарыдағы жарылысқа байланысты автогаз құю станцияларының жер телімдері тексерілуде
Биыл 30 мамырда Атырау облысы, Құлсары қаласында орын алған газ құю станциясындағы төтенше жағдайдан кейін, өңірдегі автогаз құю станцияларының жер телімдерін пайдалану заңдылығына қатысты жоспардан тыс тексерулер басталды. Бұл туралы республика Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Аталған тексерулер Атырау облысының Жер ресурстарын басқару департаменті мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті бірлесіп жүргізуде.
Еске сала кетейік, жарылыс салдарынан өрт шығып, үш бірқабатты құрылыс, газ құю станциясы және оның артындағы екі қабатты ғимарат зардап шекті. Оқиға нәтижесінде бірнеше адам жарақат алып, екі адам қайтыс болды.
Жүргізілген тексерулер барысында жер телімдерін мақсатсыз пайдалану фактілері анықталды. ҚР Жер кодексінің 65-бабына сәйкес, әрбір жер пайдаланушы өзіне тиесілі жер телімін нысаналы мақсаты мен шарт талаптарына сай пайдалануы тиіс. Бұл талаптардың бұзылуы белгіленген заңдылықтарға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Тексеру қорытындысы бойынша 8 әкімшілік іс қозғалды. Газ құю станцияларының иелеріне айыппұлдар салынды. Анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқамалар берілді.
Атырау облысының Жер ресурстарын басқару департаменті облыс аумағындағы автогаз құю станцияларының жер телімдерін заңды әрі қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында тексерулерді жалғастыруда.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА