
Құлсарыда әмбебап ойын алаңдары салынып жатыр
Құлсары тұрғындары үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз демалыс орындарын көбейту бағытында қала аумағында балаларға арналған әмбебап 11 алаңның құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылы басталған жоба аяқталуға жақын, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникация қызметі.

Әмбебап алаң тек балаларға емес, барша тұрғындарға қолайлы. Жобада балалар ойын алаңынан бөлек воркаут аймағы, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін воркаут алаңы және көпшілікке арналған көгалдандырылған демалыс жері бар.
–Әр алаң заманауи талаптарға сай жабдықталып, қауіпсіздік шаралары толық ескерілген. Қаптама төсеніштері жұмсақ әрі жарақаттан қорғайтын материалдардан жасалды. Сонымен қатар жарықтандыру, орындықтар, қоқыс жәшіктері сынды инфрақұрылым элементтерімен де қамтамасыз етулі, — деді Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы Еркебұлан Қаржаубаев.
Ойын алаңы қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, балалардың еркін ойнап, қозғалыс белсенділігін арттыруына және мүмкіндігі шектеулі жандардың да спортпен шұғылдануына ықпал етеді. Бас маманның сөзінше, бұл жоба – Құлсары қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартудағы маңызды қадамдардың бірі.
Айта кетейік, жаңа ойын және демалыс алаңдары Құлсары қаласының Береке, Барлаушы, Жадырасын, Шұғыла, Әуежай, Мешіт, №7 шағынаудандары мен №124, Ы.Алтынсарин, Өтеулиев, Таубаев көшелерінде салынып жатыр.