img 20191010 wa0051

«ҚҰЛБАЗАРДА» кімдер жүр? (+ФОТО)

Жаңалықтар СарапTime ФОТОГАЛЕРЕЯ

Atr.kz/15 қазан, 2019 жыл. Ауызекі тілде «құлбазар» аталып кеткен бұл мекеннің атауы алғашында құлаққа түрпідей тиетін. Бүгінде бұл тіркеске етіміз үйреніп те кеткен тәрізді.

Олай дейтініміз, облыс орталығындағы «Дина» базарының артқы жағын жағалай көше бойынан сөмке асынып, жұмыс іздеген жандарды күнделікті көреміз. Тепсе темір үзетін, қазақтың «мен» деген қаракөздері қаздай тізілген. Жақындай түссең қаумалап, бір-бірімен таласып, анталай жүгірген әйел-еркегі аралас топтың алғашқы сауалы «жұмыс бар ма?» Таңнан қара кешке дейін тапқан нәпақасы күнкөрістеріне жете ме?

«Екі қолға – бір күрек» дегенмен, ел қатарлы еңбек ете алмай, таңның атысы-күннің батысы көлікке телміргенінде тапқан табысы қаншалықты? Неге біреудің жалшысы болуға құмартады? Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды жобалар бойынша салынып жатқан төсемтастар төсеу немесе құрылысқа барып жұмысқа орналасуға неге ынта танытпайды? Осындай ойларыммен «Дина» базары маңына маңдай тіредім.

img 20191010 wa0048

Бірінші күні сол маңдағы жалдамалы жігіттермен әңгіме құрған болатынмын. Ақысын төлесең, айтқаныңды істейді. Құдық қазып, балшық езу, тағысын тағы. Жүздерін күн қақтаған жұмысшылар қысы-жазы осы тірлікпен өз несібесін теріп жейді. Байқауымша, жұмыстың қандай түрiнен болса да қашқақтамайды. Бұрындары ерлерді көретінбіз, қазір әйелдер де жолға қарап телміреді. Машинасының терезесін ғана түсіріп, ісініп сөйлеген «ірілерге» еріп кетуге асық. Бұл жерде бұғанасы қатпаған бозбала да, сақалын боз шалған жігіт ағасы да, тіпті нәзік жандар да жүр. Дені ауылдан келген ағайындар.

«Менің бұл арадан нәпақамды тауып, күнелтіп жүргеніме бірнеше жыл болды. Көбіне жаз айларында жұмыс қызу жүреді, табысымыз да қомақты болады, бала-шағамыздың шай-пайына жетеді. Әрине, қара жұмыстың қиыны рас, дегенмен бойымыз да үйренді. Ауыр жұмыстарға 6000-7000 теңге көлемінде ақы алсақ, шарбақтағы арам шөптерді жұлу, азғана жүкті көтеру сынды жеңіл қызметтерімізге 3000-4000 теңге көлемінде аламыз. Бұл жерде, әсіресе, аудандардан келгендер жүреді», – дейді бетін қара орамалмен жасырған жігіт ағасы.

Ауыр жұмыс түрлеріне жер қазу, үй көшіру, цемент тасу жатса, жеңіл түрлеріне шарбақ сыпыру, шөп жұлу, бақша суару сияқты міндеттер кіреді. Басты талап – жұмыс соңына қарай келісілген ақыны қолдарына ұстату. Әне, жігіттер жүрісін баяулатып, тежегіш шамы жанған көлікке тұра ұмтылды. Жартылай ғана ашылған терезеге үймелеп, өзара келісіп жатыр.

«Клиенттерінің» тілін тауып, тамырын басқандар ілесіп кетуде. Нарық заманының басты талабы да осы. Әркім қолынан келгенше өз күнін көруде. Мектепті күні кеше бітірген Ерасыл – Қызылқоға ауданының тумасы. Жоғары оқу орнына да құжат тапсырмаған. «Атаанамның мені оқытуға шамасы да жоқ. Бұл жерге келуімнің себебі де осы, азынаулақ табыс тауып, күндікшемізді айыру. Алғашында аяқ-қолым, белім ауыратын. «Клиенттерге» таласатындары қызық көрінетін. Қазір сол «тартыстың» бел ортасында өзіміз жүрміз.

img 20191010 wa0053

Бастапқыда күн ұзаққа тұрып, соқыр тиын да таппайтын кезім болды», – дейді ол. Материал жазу барысында Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандарымен де тілдескен болатынбыз.

«Мамандығы жоқ жастар «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде кәсіби даярлаудан өтіп, маман атана алады. Бағдарламаға қатысушылардың оқу ақысы төленеді, бір реттік ыстық тамақпен, стипендиямен, жол жүру ақысымен қамтамасыз етіледі. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 250 адам (9-11 сынып түлектері) облыстағы 10 кәсіптік колледждерде оқуды бастады.

Сонымен қатар, ішкі еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарынан өтуге мүмкіндік бар. Аталған шара жергілікті бюджет есебінен де ұйымдастырылады. Оқыту шараларына жұмыс берушілер де белсенді қатысуда. Олар толықтай оқу, шәкірт ақысын, пәтер, жол шығындарын өтейді. Жоғары және орта-кәсіптік оқу орындарын бітірген жастар үшін алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында Жастар тәжірибесі ұйымдастырылады», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлболат Аманғалиева.

Дегенмен, жалдамалы жігіттердің дені тұрақты жұмысқа тұруға құлықсыз. Өйткені, олар күнделікті ақшаға үйренген.

«Еңбекақым қолыма тигенше қарызданып-қауғаланып қаламын. Ал, мына жұмыста күніне қалтаңа 50007000, кейде тіпті одан да жоғары табыс түсіп отырады. Бастысы, ешкімге тәуелді емеспіз. Алайда, кей сәттерде тұрақты жұмысқа орналасып, тиесілі жалақыңды алған да дұрыс болар деген ой қылаң береді», – деп әңгімеге араласты бетін күн қақтаған қара бала.

Ертесіне әлгі мекенге қайта бардым, бұл жолы нәзікжандылардың «ставкаларын» білмекпін. Жақындай түскенім сол, өре түрегеліп, қоршап алған олар сұрақты төпелетті келіп. Не айтарымды білмей аңтарылып тұрып қалғаным сол, өздері бастырмалата «әктеу ме?», «тазалау?», «коттедж бе, әлде квартира ма?» деп сұрақтың астына алды. Бірі жеңімнен, енді бірі сөмкемді тартқылап, «мені ал да мені алмен» сүйрелей жөнелді.

Екі қатарлы коттеджді жуып, тазалаудың бағасы бір адамға 8000 теңге екен, «үш адам барамыз» деп шетке қарай алып шықты пысықайлауы. Ана шеттен бір-екі жас қыз, ымдайды «бізді ал» дегені болар. Осылайша, жасы егде тартқан Райхан апамен 5000 теңгеге келістік, «6-7 жылдан бері осы жерде нәпақамды тауып жүрмін. Қай-қай жұмысыңды да тиянақты орындаймын.

img 20191010 wa0055

Бір-екі өзімнің адамдарыммен барамын, әрқайсымызға бес мыңнан берсеңіз болды» деп әңгімесін айтты көңілі жайланған апай. Аялдамаға жақындай бергенім сол еді, көпшіліктің ортасында ымдаған жас қыз жаныма келді. «Біздер жаспыз, жұмысымызды таза, тез жасаймыз. Бізді неге алмадыңыз» деп ренжіді. Олардан үш бөлмелі пәтерді әктеудің құны қанша болатынын сұрадым. Досы екеуінің 20 000 теңгеге әктеп, соңынан жуыптазалап, бір күнде бітіріп беретіндерін айтты.

Сұрастыра келе білгенім, бұл жердегілердің барлығы дерлік қарақалпақ ұлтынан екен. Маринаның жасы 22-де. «Базар артында жалдамалы қызмет етіп, ата-ана, бауырларыма ақша жіберіп тұрамын, айына 80-90 000 теңге көлемінде табыс табамын», – дейді ол. Екі сағат ішінде 4-5 автокөлік аталмыш мекеннің қызметкерлерін көліктеріне отырғызып, алып кетіп жатты.

«Кешелі бері үш жалдамалы жұмысшы жігітке сарай салдырып жатырмын. Бұрын ағайындарымның балаларын шақырып алатынмын, әркімнің өз жұмысы бар. Сенбі, жексенбі күндері олардың қолдары тие бермейді. Қашанғы жалынамын, кейін осы жігіттерді алдырып жасатамын майда-шүйде шаруаларымды. Алдыңғы апталарда шарбақ іштерінің шөптерін жұлғызып, тазалатқанмын. Жұмыстарын тиянақты атқарады. Бүгін пәтер ішін сылатуға қыз балаларды алып отырмын. Жолдасым да, өзім де жұмыстамыз, сондықтан жалдамалы жұмысшылар қызметіне жүгінуге тура келеді», – дейді Жәнібек атты жігіт ағасы.

Ал, жергілікті полиция басшысының орынбасары, полиция майоры Андрей Чкаровтің айтуынша, «Дина» базары маңында жұмысшылардың жалданбалы қызмет етулері құқықбұзушылық болып табылады екен.

«Бұл жер бұрын ауызекі тілде «құлбазар» атанып кеткен. Түсінеміз, әркім өзінше тірлік қамытын киіп тырбанып, нанын жейді. Бүгінде базар басшылығы аталған сауда орны жанынан жалданбалы жұмысшылар үшін арнайы орын бөліп жатыр. Осы себептен де болар, тұрғындар тараптарынан құқықбұзушылық туралы арыз-шағымдар түсіп отырған жоқ», – дейді ол.

Иә, өмір атты шырғалаңы мен шырмауы көп жолда әркімнің өзіне бұйырған, маңдайына жазылған несібесі бар. Біреулер тойып, енді біреулері тоңып секіреді. Жақсы мен жаман, ақ пен қара сынды сызықтардың қатар жүретіні тәрізді жоқ пен бар да қоғамдағы қарамақайшылықтардың бір көрінісі ме деп те ойлайсың… Бұл – тағдыр, тағдырдың жазуы.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған