Құйрық майдың қасиеті
Atr.kz / 14 шілде, 2020 жыл. Құйрық май – құйрық түбінде дөңгеленіп жиналған май. Мұндай май жекелеген қылшық және ұяң жүнді қой тұқымдарында болады. Олардың қатарында Еділбай қойы, Сараджын, дегерес, қазақтың ұяң жүнді қойы, алай, гиссар қойлары бар. Қой қысқы тебінде жайылғанда, жетіспейтін қорегін құйрықтан біртіндеп алып толтырады. Аталған май Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ұлттық тағамдарын дайындағанда кеңінен пайдаланылады.
Құйрық майды науқасқа пайдалану – қазақтың кең таралған меншікті дәстүрлі емі. Кішкене нәрестені қырқынан шығарғанша, суға түсірген кезде денесін құйрық маймен сылайды. Ал, қыз ұзатып, келін түсіргенде құдалар бір-біріне құйрық- бауыр асатып, отбасылы өмірдің май сияқты жұмсақ та, сыйластыққа толы болғанын қалайды. Адам дүниеден өткенде жағатын қырық шырағын да құйрық майға шылайды. Осының өзінен қазақ өміріндегі құйрық майдың рөлін көруімізге болатыны сөзсіз.
Дәруменнің қоры
Біз құйрық майдың емдік рөлін жиі айтқанымызбен, оған кереғар пікірлерге ғылыми дәлел таппай қиналатын кездеріміз болатыны да шындық. Кейбіреулер мал майының қандағы холестерин мөлшерін жоғарылатып, жүрек-қантамыр ауруларына ұшырататынын алға тартып жүр. Алайда, қарапайым ғана сұрақ, сіз өзіңіздегі артық қаражатыңызды қайда сақтайсыз? Әрине, банкке, болмаса, қиыншылық кезінде оңай алып шығатын орынға. Мал да сол секілді артық, жақсы қор заттарын май ретінде сақтайды. Қой жаз айларында, әсіресе шілдеде қарақұртты, бүйіні, басқа да улы жәндіктерді іздеп жүріп жейді екен. Ал, удың өзінде емдік қасиеттер, сырқатқа шипа болатын дәрумендер болатыны белгілі. Тек оны белгілі бір мөлшерін сақтап қана пайдаланған кезде ағзаға дәрі ретінде әсер ететін көрінеді. Қазірге дейін қойдың құйрық майын және емдік рөлін зерттеп жүрген адамдар жоқтың қасы. Халқымыз көп нәрсені біліп, дұрыс қолданған. Ел аузында жүрген, халық медицинасында әртүрлі дертке қойдың құйрығынан жасалатын емдік қоспаларды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Құрамындағы май қышқылдары
Қойдың құйрық майында май қышқылдары өте көп. Атап айтқанда, лавр қышқылы 0,20%, миристік қышқыл 3,92%- 3,67%, палмит қышқылы(31,49% -24,77%, палмитол қышқылы 3 , 1 4 % — 3 , 0 1 % , м а р г а р и н қышқылы 4,32%, стеарин қышқылы 30,02%-16,51%, олеин қышқылы 44,43%-28,37% болады екен. Ол туралы арнайы жазылған 2003-2005 жылдары баспадан шыққан ғалымдар Унсал энд Актас, Унсал энд Йанлик еңбектерінде айқын көрсетілген. Көріп отырғаныңыздай, ең көп үлесті, әдетте, олеин қышқылы, стеарин қышқылы, палмит қышқылы алады. Шоколадтың да негізгі құрамы – осы үш май қышқылы. Ал, ол пайдалы тағам ретінде қарастырылған. Олеин қышқылы жүрек-қантамыр ауруларының алдын алады. Жоғары температураға төзімді, тағамды қосып пісіру кезінде тұрақты, адам денсаулығына зиянды май қышқылдарына ыдырамайды. Қазірге дейін денсаулыққа кері әсері анықталмаған. Ол зәйтүн майында көп болады. Зәйтүн майы — калориясы өте жоғары, бір қасығы 100-ге жуық калория беретін тағам.
Стеарин қышқылы – ең көп таралған май қышқылдарының бірі. Ол көптеген жануарлар мен өсімдік майларында глицерол эфирі. Стеарин қышқылы өсімдік майына қарағанда жануарлардың майларында 30%- ға дейін көп, әдетте <5%. Басқа қаныққан май қышқылдарынан айырмашылығы – стеарин қышқылы ерлер мен әйелдердегі липопротеин холестериннің концентрациясына әсер етпейтіні. Көптеген зерттеулер оның ерлердегі тромбогендік және атерогендік қауіптің алдын алатынын көрсеткен. Стеарин қышқылы адам ағзасына биологиялық тұрғыдан улы емес.
Палмит қышқылы – бұл ағзаға зиянды және холестеринді жоғарылататын жалғыз қаныққан май қышқылы. Дегенмен, қойдың құйрық майында басқа зиянсыз қаныққан май қышқылдардың жалпы мөлшерінен аз екендігін ескерсек, ол адам денесіндегі холестеринді жоғарылата алмайды. Көбінесе, сабын, май шам, косметика және басқа да өндірісте қолданылады.
Денені неге сылайды?
Стеарин қышқылы теріні жұмсартып, ауа өткізгіштігін тездетсе, палмит қышқылы теріні қайта қалпына келтіріп, тез түлеуіне әсер етеді. Ал, денеге сіңген олеин қышқылы жоғары қуат береді. Құйрық май – баланың жұмсақ балғын терісін жұмсартып, қан айналымын реттейді. Нәресте қол-аяғын керіп созғанда, сәбидің буындары жазылып, денесі сымбатты болып өседі. Бұл майдың біз білетін және білмейтін емдік қасиеттері көп. Атап айтсақ, құйрық маймен бөбектің денесін сылағанда, бұл олардың дені сау, қуатты болып өсуіне ықпал еткен. «Бала сылаумен, қар қылаумен өседі» деген халық нақылының астары да осында жатыр. Қойдың құйрық майындағы басқа пайдалы қасиеттері олардың жеген шөбі мен ішкен суына және нәсіліне байланысты. Пайдалысы жағынан отты жерде жайылған қазақтың қылшық жүнді қойы, Еділбай, Шу қой тұқымдары алда тұрады.
Халық емінде қолданылатын қоспалар
Сынаптың жарты бидайға тең келетін тамшысын екі үлкен қасық құйрық майда араластырып, әбден ерітеді. Мұны қазақтар «өлтіру» дейді. Бұл дәріні теміреткі, ешкі қотыр, күйдіргі, күбірткі және тағы басқа қотырлардың түрін емдеу үшін пайдаланған. Сондай- ақ, құйрық майды емген балаға тұмау тимейді. Сондықтан, бұрындары нәрестенің аузына құйрық май салып, сорғызып қойған. Баланың тамағы ауырғанда дәрі ішіп, жөтелі басылмаған кезде құйрық майды ерітіп берген жөн. Бұл майды ерітудің екі жолы бар.
Біріншіден, құйрық майды табада шыжғырып, еріткеннен кейін оны бірден пайдалануға болады. Екінші жолы да бар. Еріткеннен соң, оның үстіне су құйып, біраз қайнату керек. Сонда ол «піскен» құйрық май болады. Салқындатқан кезде май судың бетінде қалқып, қатады, соны жинап бір ыдысқа бөлек ерітеді. Оған сарымсақ қосып, біраз суыған соң, 4-5 шай қасығын балаға беру керек. Келесі күні балаңыздың тамағының ауырғаны басылып, сырылдағаны кетеді. Құйрық майдың басты қасиеті – жұқпалы өкпе ауруын емдеуінде. Ашытылған қымыздың ішіне құйрық майды, сәл ғана күшәла салып, араластырады. Кейін май қымызға сіңеді де, сап-сары, қою болады. Оны туберкулез, тыныс жолы ауруларын емдеу үшін ішеді. Қазақтың халық емшілігі дәстүрінде осындай тәжірибе де бар.
P.S.
Ежелден көзін малмен ашқан халқымыз ішсе – сусын, жесе – тамақ, кисе – киім болған төрт түлік малдың қасиетін біліп, оны күнделікті тәжірибеде қолданып та отырған. Қазіргідей, індетке қарсы күрес кезінде де атамыз қазақ қолданған халық емінің пайдасы зор екені даусыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, айнала қоршаған ортамен үндестікте өмір сүріп, ата-бабаларымыздан қалған рухани мұраны, яғни, халық емдерін де инфекцияны жою үшін пайдалана білген дұрыс. Рухани үндестік деген де осы.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА