
Quiz ойыны көңілді өтті
Атырау облысының аумақтық сайлау комиссиясының кеңсесінде quiz зияткерлік ойыны өтті. Байқау Дүниежүзілік сайлау күніне орайластырылды.
Аумақтық сайлау комиссиясының ғимаратының фойесіне Атырау өңірінің барлық сайлау органдарының: қаланың, аудандардың және облыстың қызметкерлері жиналды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, Дүниежүзілік сайлау күні аясында өңірде әртүрлі форматтағы 120-ға жуық іс-шара өтіп жатыр. Соның ішінде эссе жазу, студенттер арасында пікірталас, сайлануға өзінің пассивті сайлау құқығын іске асырған депутаттармен кездесулер. Спартакиадалар өтеді.
– Бүгін облыстық аумақтық комиссия барлық аудандық, қалалық комиссиялармен бірлесіп team building форматында іс – шаралар өткізеді. Бұл quiz зияткерлік ойыны. Сондай-ақ, бұл күні спорттық жарыстар өтеді. Біз өз қызметкерлеріміздің кәсіби қызметінен үзіліс алып, командалық жұмыс жүйесін қалыптастыруға тырыстық, — деп түсіндірді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.
Жеребе қағидаты бойынша құрылған бес команда интеллектуалды ойын барысында құмар ойыншыларға айналғандай. Үстелдерде қызу пікірталас болды, күлкі мен әзілдер естілді. Сұрақтарға дұрыс жауап берген командалардың қатысушылары эмоцияларды ұстай алмай, қолдарын көтеріп қуаныштарын жасыра алмай жатты.
Сондай-ақ, ұйымдастырушылар әр түрлі тақырыптағы сұрақтарды таңдады: география, нумизматика, мәдениет, білім, логика туралы сұрақтар болды. Жарысқа қатысушылардың бірі – Жылыой ауданының аумақтық комиссиясының төрағасы Зәуре Қалмұханова мұндай ойынға алғаш рет қатысып отырғанын айтты.
– Әдетте бізде барлық іс-шаралар сайлау тақырыбында өтті. Ал бұл іс-шара біз үшін жаңа, ерекше форматта өтіп жатыр. Міне, бірінші тур өтті, бірде-бір таныс сұрақ кездеспеді. Яғни, біздің кәсіби қызметімізге қатысты тапсырмалар болған жоқ. Ойын есте сақтау қабілетін күшейтеді, сыни, логикалық ойлауды дамытады. Мұнда коммуникативті, көшбасшылық қасиеттер де көрінеді, ең бастысы-әріптестерду біріктіреді, — деп бөлісті З.Қалмұханова.
Түстен кейін сайлау органы қызметкерлерін тағы бір командалық ойын – спорттық ойын күтіп тұрды.
Әсия Қыстаубаева хабарлағандай, 6 ақпанда барлық аумақтық комиссияларда Ашық есік күндері, еңбек ұжымдарында учаскелік округ қызметкерлерімен кездесулер өтеді.
Атырау облысы сайлау комиссиясының төрағасы атап өткендей, биылғы жыл ел Президенті жариялаған конституциялық реформаларды іске асыру ретінде атап өтіледі.
– 2022 жылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы»заңнамаға өзгерістер енгізілді. Мәселен, биылғы 1 қаңтардан бастап облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдерін сайлау туралы ереже енгізілді. Сонымен қатар, тағы бір жаңалықтардың бірі – депутаттық мандатты қайтару туралы норма болып табылады. Егер халықтың таңдауы сайлаушылардың сенімін ақтамаса және өзінің сайлау бағдарламасын орындамаса, сайлаушылар оның мандатын қайтарып алуға құқылы. Бұрын мұндай норма болмаған, — деді А.Қыстаубаева.
Атырау облысында 2021 жылдан бастап 77 ауылдық округ әкімі сайланды. Биыл ауылдық округтердің 15 әкімі өкілеттік мерзімін аяқтайды және сайлау жоспар бойынша өткізіледі.
30 наурызда қалалық және аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Қазіргі уақытта алты округ бойынша алты мандат бос тұр: екеуі – қалалық мәслихат бойынша және төртеуі – аудандық. Облыс орталығы қалалары мен аудандық әкімдерді сайлауға келетін болсақ, биыл Атырау облысында олар жоспарланбайды, өйткені жұмыс істеп тұрған әкімдердің өкілеттік мерзімі әлі аяқталған жоқ.
Өз тілшіміз