Қуаңшылық қинап тұр…
Мақат ауданының шаруалары биыл жем-шөпке мемлекеттен берілетін субсидиядан қағылды. Онсыз да екі жыл қатарынан жайлаған құрғақшылықтан мал иелері енді зор шығынға батты. Әсіресе, биыл Мақат, Индер, Махамбет, Жылыой аудандарындағы шабындықтарға жаз бойы жаңбыр тамбай, қуаңшылықтан жер күйіп кетті. Соның кесірінен қожалықтар малдың қысқы азығын жинай алмай, көрші облыстардан сатып алған болатын. Олар мемлекеттен бөлінетін қаражатқа сенген. Алайда, жыл аяғына дейін созылған уәденің аяғы сиырқұйымшақтанып кетті.
Қуаңшылық қинаған аудан Саладағы тағы проблема – мал өнімін өңдеу ақсап жатыр. Өнімі өтпеген шаруашылықтар пайдадан айырылып, асыл тұқымды мал басына төленетін жеңілдіктерге қол жеткізе алмай жүрген жайы бар. Солардың бірі – доссорлық шаруа Ғазиз Ғабдуллиннің қала мен ауыл арасына шапқылағанына бір айдан асыпты. Ол қыстық мал азығын дайындауға кеткен шығынға бөлінетін мемлекеттік субсидияны даулайды. Жалпы, биыл Мақат ауданында мал өсірумен айналысатын 29 шағын шаруашылық мемлекет бөлген субсидиядан құр қалып отыр.
– Ақпарат уақытында толыққанды жеткен жоқ. Мақат ауданындағы бөлім жем-шөп субсидиясының берілетінін шаруаларға дұрыс түсіндірмеді. Оның үстіне ауданда шабындық жоқ деп айтуға болады. Шаруашылықтағы 200-ден астам ірі қараға қажетті шөпті түгелдей сатып аламыз. Егер бұлай жалғаса берсе, мал басын азайтуға тура келеді, — деп ашынады Ғ.Ғабуллин.
Мемлекет т арапынан облыстың ауыл шаруашылығына, әсіресе мал өсіруге қолдау жеткілікті. Оның бірі – мал азығын дайындауға кеткен шығын субсидиясы. Тек биылға облыс бойынша 699 млн. теңге қаралған. Өкініштісі сол, жергілікті жауапты сала мамандарының салғырттығынан оған кейбірінің қолы жетпеген.
– Қазір субсидия алу үшін барлық өтінімдер электронды негізде жүзеге асады. Берілген өтініштерді толықтай қамтыдық. Мысалы, бір ғана Құрманғазы ауданынан 60 шаруашылық өтініш беріп, оларға 242,223 млн. теңге төленді. Ал, Мақат ауданынан бірде-бір өтініш түскен жоқ. Сол себепті, субсидия да берілген жоқ. Жалпы, барлық аудандық бөлімдерге жұмыстар ұйымдастыру жөнінде ескертілді. Бірақ, өтініш түспеген соң өзге шаруа қожалықтарының құжаттарына сәйкес, облысқа бөлінген субсидияны игердік, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілек Әміров.
Биыл облыс бойынша түйе мен жылқыны айтпағанда, 180 мыңнан астам сиыр, 580 мыңға тарта ұсақ жандық қыстаққа түсіп отыр. Мүмкіндік жасалса, мал басын мыңғыртып өсіруге ынталы шаруашылықтар бар. Тек өнімді өткізуде проблема көп. Себебі, сұраныс аз. Амалсыздан шаруа қожалықтары төрт түлікті тірілей сатып қана күнелтіп отыр. Әйтсе де, онымен шаруашылықтың шығыны ақталмайды.
– Егер облыс тарапынан өңдейтін кәсіпорындар ашылса, қымбатқа сатар едік. Сиырды 250-300 мың теңгеге сатқанда жемі бар, шөбі бар, өз шығынын өтей алмайды. Аудан, облыс көлемінде кәсіпорындар ашылса, бізге қолайлы болар еді. Теріні қазір ешкім алмайды, сойылған малдың терісін қоқысқа тастаймыз. Жүнді де жерге көмеміз, — дейді қызылқоғалық шаруагер Нартай Амандықұлы.
Мал өнімінің өңделмеуі себепті, шаруалар осылай шығынға батып отыр. Сосын амалсыз ет пен сүттің бағасын көтеруге мәжбүр. Рас, соңғы кезде мемлекет тарапынан мал шаруашылығына берілетін қаржылай қолдауды алудың өзіндік тетіктері бар. Мысалы, мал азығын дайындау, асыл тұқымды мал басын өсіруге жұмсалған шығынға субсидия алу оңай емес. Екінің бірі қол жеткізе алмайды.
Ресми мәліметтерге жүгінсек, Атырау облысындағы 208 шаруашылықтың 40-ы ғана «асыл тұқымды мал өсіруші» деген мәртебеге ие. Қалғандары мал басын көбейткенін ғана қанағат тұтып отыр. Сол себепті, мемлекеттік жеңілдікке қол жеткізе алмай келеді. Тағы бір проблема – мал өнімдерінің өңделмейтіні. Тері мен жүнді айтпағанда, ет пен сүттен де қыруар табыс табуға болар еді.
Бір кезде сүттен 12 түрлі өнім алып бастаған Махамбет ауданындағы тауарлы сиыр фермасы да тұралап қалды. «Етті қалбырлап, шұжық шығарады» деп мақтаған өндірістердің қауқары да көңіл көншітпейді. Соның кесірінен облыс нарығына көршілес облыстар мен Ресей өнімдері ағылып жатыр. Атырау облысында биыл әрқайсысы 1,5 мың және 1 мың бас тай өгіз өсіретін мал бордақылау алаңы іске қосылды. Олар да өнімдерін тек ет ретінде сатуға шығарып жүр. Осыған орай, енді мұнайлы өңірде асыл тұқымды кешенді мал фермаларын құру үшін 4 жоба жүзеге асып жатыр.
Арыстанбек КЕНЖЕ
Мақат ауданы аумағы 501 мың 623 гектарды құрайды. Оның 217 мың 569 гектар жерлерін немесе жартысына жуығын сор алып жатыр. Жер асты тұщы су көздері жоқ. Кейбір шаруа иелері су желілерін өз күштерімен жүргізіп алған. Мемлекет тарапынан жекеменшік шаруа иелеріне су желісін жүргізуге Қолданыстағы бағдарламаға сәйкес бюджеттен қаржы қарастыру мүкіндігі жоқ. Соған қарамастан ауданда төрт түлік мал есебінде өсім бар.
Мақат ауданы бойынша 2020 жылы Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі Мемлекеттік бағадарламалар бойынша түсінік жұмыстары толыққанды жүргізілген жоқ дегеніне келіспейді.
Оған дәлел Мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау және кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында 2020 жылы 28 ақпан айында VII-ші семинар-конференциясы және 2 қыркүйек күні «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» , «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мамандары келіп аудан кәсіпкерлеріне және шаруа қожалықтарына жиналыс ұйымдастырып мемлекеттік бағдарламар бойынша көрсетілетін жеңілдіктер мен ұйымдастыру заңдылықтар жөнінде түсінік берді.
Сонымен қатар, бөлімінің фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей эфир арқылы ай сайын онлайн форматында және бөлімге келген аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерге дара-дара түсіндірме жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.
2020 жылы Ауыл шаруашылығы жанынан мемлекеттік бағдарлама бойынша қолдау көрсетілмеді деген жазбанызға келіспейді.
Себебі Мемлекеттік бағдарламалар арқылы аудан бойынша 93 шағын және орта бизнес өкілдеріне 396 млн. 780 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Соның ішінде Ауыл шаруашылығы саласына 21 жобаға (31 млн.334 мың теңге) қаржылай қолдау көрсетілді.
Мақат ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы