Жарнама
Жаңалықтар

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов атыраулық балықшыларды құттықтады

11 шілде күні Атырауда балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығының вице-министрі Аманғали Бердалин қатысып, саланың үздік мамандарын атаулы мерекемен құттықтады.

– Балық шаруашылығы – табиғатпен етене байланысты жауапты сала. Табиғи байлықты сақтау мен ұтымды пайдалану, сапалы өнім өндіру бағытында үздіксіз еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі жоғары бағалануға лайық. Министрлік тарапынан қолдау әрі қарай да жалғасады, — деді вице-министр.

Сондай-ақ ол жиынға қатысушыларға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хатын жеткізді. LED экран арқылы көрсетілген бейнеқұттықтауда балық шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі мен мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау шаралары баяндалды.

– Ұлттық экономиканы дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде балық шаруашылығы маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланы заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртуды міндет етті. Осы мақсатта заңнамалық және инфрақұрылымдық деңгейде қолдау шаралары іске асырылып жатыр. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында елімізде балық шаруашылығы тұрақты дамып келеді, — делінген хатта.

Жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев балық шаруашылығының Атырау облысының дәстүрлі әрі маңызды саласы екендігін атап өтті.

– Табиғи байлығымыз – Каспий мен Жайықтың маржанын ел игілігіне жарату жолында аянбай еңбек етіп жүрген сіздерге алғысымыз шексіз. Сала мамандарының кәсібилігі мен адалдығының арқасында балық шаруашылығы жылдан жылға дамып келеді. Мемлекет тарапынан бұл салаға қолдау жалғасады, — деді Қ.Нұртаев.

Мерекелік жиын барысында 36 сала қызметкері марапатталды. Олардың қатарында «Балық шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қызметкері» және «Балық шаруашылығына мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен 9 адам, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен 9 адам, сонымен қатар Балық шаруашылығы комитетінің Алғыс хатымен 8 адам және Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен 10 қызметкер марапатталды.

Марапат иелері қатарында «Сев Каспий Фиш», «Каспий Рыба Евразия», «Жайық-Каспий» инспекциясы, «Каспий Бекіресі Лимитед», «Каспий балық» сынды өңірдегі ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері бар.

Салтанатты жиын аясында көрермендерге Атырау өңірінің белгілі өнерпаздарының қатысуымен арнайы мерекелік концерт ұсынылды. Кеште патриоттық әндер шырқалып, би ансамбльдері өнер көрсетті. Бағдарлама «Жайықтың толқындары», «Ақерке Ақжайық», «Еділ-Жайық», «Сені сүйемін, Қазақстан» сынды шығармалармен қорытындыланды.

Айта кетейік, өңірде балық шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесіне арналған бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Онда сала мамандарымен қоса есептегенде 5000-ға жуық адам қамтылды. Мерекелік іс-шара қайықтар шеруімен жалғасты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button