Алға ауылында жаңа мәдениет үйі салынады

338942404 777564010656743 6132853433208380679 n Жаңалықтар

Алдымен 600 орындық мектеп және 300 орындық интернаттың құрылыс барысымен танысты. Бүгінде мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары уақытылы жүріп жатыр. Интернат ғимаратының қабырғалары толықтай қаланып, шатыры жабылды. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Интернаттың құрылысы 90%-ға, мектептің құрылысы 85 %-ға аяқталды. Бұл нысандар осы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, Серік Шәпкенов Махамбет ауылындағы құрылысы аяқталған 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. Мердігер мекеме – «АқсайСтройСервис» ЖШС. Өткен жылдың мамыр айында пайдалануға берілгенімен, төбеден су ағып, электр желісі мен жылу жүйесінде ақау болған. Қазіргі таңда бұл кемшіліктер жойылды. Алайда ғимарат иесіз тұр. Облыстық спорт басқармасы нысанды қабылдамағандықтан, аудан теңгеріміне әлі алынбаған.

338158073 1597344350731939 779308486705084940 n

Аймақ басшысы Құрылыс басқармасына «Атырау-Жарық» АҚ-ның мамандарын шақырып, электр желілерін, жылу құбырларын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

– Құрылыс басқармасы мердігер мекемеден қабылдап алды. Сіздер күзет қойып, суын жіберіп, басқа жұмыстармен айналысуларыңыз керек еді. Өзімізге өзіміз жау сияқтымыз. Ешкімнің де жаны ашымайды. Бұл – сіздердің игіліктеріңіз үшін берілген нысан. Сондықтан басқарманың қабылдағанын күтпей-ақ, жұмыс істеудің орнына, мәселені одан сайын қиындатасыздар, – деді С.Шәпкенов.

Кейін облыс әкімі Махамбет ауылындағы Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарымен танысты. Жағалаудың жалпы ұзындығы – 4,5 шақырым. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың тамыз айында басталды. Бүгінде көлбеулерін, кері сүзу сүзгісін қалыптастыру, монолитті ростверк құю, оны сыммен тоқу, бағаналарды қағу, орналастыру, темір шпунт қағу, тасты қабатты орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Жағалауды нығайту жұмыстары 2023 жылдың шілдесінде аяқталады деп жоспарланған. Десе де, мұнда жұмыс күші тапшы. Техника саны жеткіліксіз. Сондықтан жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Өндірістік жұмыстар бекітілген жұмыс кестесінен кешігіп жатыр. Бұл кемшіліктер жұмыстың уақытылы аяқталмай қалуына себеп болуы мүмкін.

338925094 607757480905867 7495253244273345197 n

Аймақ басшысы Есбол ауылдық округі Еңбекшіл ауылындағы құрылысы жүріп жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктке де барды. Медициналық мекеме – Еңбекшіл ауылының тұрғындарына білікті мамандардан жиналған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін заманауи медициналық ұйым. Құрылыс жұмыстары 80%-ға аяқталды. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимарат 2023 жылдың сәуір айының соңында халық игілігіне берілмек.

Облыс әкімі осы ауылдағы «Еңбекшіл ауылының су тазарту ғимараты және селоішілік су құбырлары» мүліктік кешеніндегі су тазарту қондырғысының жұмыстарымен танысты. Мекеме Еңбекшіл ауылын таза ауыз сумен қамтып отыр. Мұнда жазғы су құбырына және су тазарту қондырғысының су құбырына жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Оны аяқтау үшін 147 млн теңге қаражат қажет.

Серік Шәпкенов жұмыс сапары аясында Алға ауылындағы жаға бекіту жұмыстарымен танысты. Бүгінде бұл жерде бірінші және екінші арнаны қазу, ПК0-ден ПК8-ге 800 метр бағана қағу, ӘЖ-10 желісін ауыстыру жұмыстары жүруде. Сәуір айында материалдарды жеткізу мен қазылған топырақты арнайы орынға тасымалдау жұмыстары басталады.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Алға ауылдық округіндегі әлеуметтік сала объектілерінің жай-күйін зерделеді. Округ әкімдігінің ғимаратында 14 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. 2000 жылы күрделі жөндеуден өткен. Ғимараттың бір бөлмесінде Махамбет аудандық «Қазпоштасының» ауылдық округтегі байланыс бөлімшесі орналасқан. Бүгінде ғимараттың қабырғасы жарылып, барлық бөлменің төбесінен су ағып тұр.

338991722 570917771682197 894802405641144905 n

Бұл ауылдағы 1957 жылы салынған «Алға» мәдениет үйінің жағдайы да көңіл көншітпейді. Өте ескі, тозығы жеткен. Ғимарат жөндеуге келмейді. Соған сәйкес Алға ауылына 200 орындық жаңа мәдениет үйін салуға жобалық-сметалық құжаттама жасақтау үшін сараптама қорытындысы алынды. Келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастау үшін аудан әкімдігі қаржы сұрамақшы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз