Қордайдағы қақтығыс: 24 адам қамауға алынды
Аtr.kz/14 сәуір, 2020 жыл. Қордайдағы қақтығысқа қатысы бар делінген 24 адам Алматыда қамауға алынды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Олар Қордайда ақпан айының басында болған қақтығысқа қатысы бар деген күдікке ілінді. Осылайша олар бір жарым айдан соң Алматы, Шымкент және Жамбыл облысында ұсталып отыр.
«Барлық 24 адам бұлтартпау шарасы ретінде екі айға қамауға алынды — мамыр айының соңына дейін. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 2-бөлігі бойынша («Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру») күдікке ілінді», — деді Алматы қалалық сотындағылар.
Еске салайық, биыл 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған еді. Жаппай төбелеске 300-ге жуық адам қатысқан. Ауқатты ауылы және Бұлан Батыр ауылдарында жанжал шықты. Бұзақылар металл заттарын, атыс қаруын қолданған болатын.