Қордай ауданында құрықталған азаматқа қатысты қатаң жаза қолданылады
Atr.kz/24 ақпан, 2020 жыл. 2020 жылдың 11-29 ақпан аралығында Жамбыл облысында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шараcы өткізіліп, алғашқы он екі күнде 105 қылмыстың беті ашылды, деп хабарлайды polisia.kz.
«Тексеріс кезінде полиция бірқатар заңбұзушылық анықтады. Тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау немесе алып жүргені үшін жеті адам ұсталып, үш жарым келі есірткі тәркіленді. Ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген алты күдікті құрықталды», — делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы қылмыстық қудалау органына барудан бас тарқан Армения азаматының мекенжайы анықталды.
Полицияның хабарлауынша, мас күйінде көлік жүргізген 29 адам жауапқа тартылды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары Қырғыз Республикасында тіркелген автокөлікті тізгіндеген 35 жастағы Қордай ауданының азаматын ұстады.
Сот шешімімен мас күйінде көлік жүргізген, бұрын сотталған тұрғынға жеті жылға автокөлік жүргізу құқығынан айыру түріндегі қатаң жаза қолданылады.
Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы, 1-тармағы бойынша жүргізуші көлікті алкогольдік, есірткілік мас күйінде тізгіндегені үшін он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынады және жеті жыл мерзімге автокөлікті басқару құқығынан айырылады.