Қойылым көңілден шықты
Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, “Жауырова А.Р” жеке кәсіпкерлігінің, “ADIA” сұлулық салонының басшысы Ардақ Жауырова әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін отбасының 320 баласын қуантып, жаңажылдық мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Қайырымдылық шарада отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылы, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, №4 интернат, «Жарқын жанұя» қоғамдық бірлестігі, Зағиптар қоғамы, әскери қызметшілердің, әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың балаларымен қатар, Президентке, облыстық білім басқармасына арыз жазған балалар қамтылды.
Жаңа жылдық іс-шарада Атырау облысы Білім басқармасының басшысы Марат Әбуов , Атырау облыстық мәслихат депутаты Фатима Төлеева балаларды мерекемен құттықтап арнайы келді.
Кеш ұйымдастырушылары Жастар театры ұжымы ұсынған балалар әдебиетінің классигі Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» қойылымын тамашалауға мүмкіндік сыйлады.
– Бүгінгі қойылым көңілімізден шықты. Кіргеннен күліп, шыққанша ерекше әсерде болдық. Бұрын бұл шығарманы оқығанмын, киносын да көргенмін. Дегенмен, театрдың сахнасында отырып тамашалаған бөлек екен. Демеушілерге алғысымыз зор, — дейді жас көрермен.
Кішкентай көрермендер қазақ балалар әдебиетінің шоқтығы биік туындысын тамашалап, қайсар да тапқыр мінезді Қожаның қызықты іс-әрекеттеріне куә болып, сан түрлі сәттерден сәтті шыққан оқиғалардың ортасында жүргендей әсер алды. Қыран күлкіге қарық болды. Саф өнерге сусаған бүлдіршіндердің қуанышындп ше жоқ. Құйрығы үзіліп түсіп Қожабергеннен Қожаға бір-ақ сәтте айналған кейіпкердің сотқарлығы мен тартымдылығын, мектеп қабырғасындағы ескірмейтін естеліктер, әдемі әзілге толы әсерлі сәттер, қағытпа қалжыңдарды кәсіби әртістер жеріне жеткізе сомдады.
Шара соңында «Жарқын Жанұя» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Құдайбергенова кеш ұйымдастырушылары әрі демеушілеріне барша ата-аналар мен балалардың атынан шынайы ризашылығын жеткізді.
Айдарбек АҚАРЫС